Басты Жаңалықтар Еліміздің бас қаласында жаңа тұрғын үй кешенінде жарықшақтар пайда болды

Еліміздің бас қаласында жаңа тұрғын үй кешенінде жарықшақтар пайда болды

Еліміздің бас қаласында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Алайда талапты сақтай бермейтін компаниялар да бар. Салдырынан тұрғындар зардап шегеді. Арнамызға шағымданған елордалықтар үйлерінің дәл іргесінен жерасты автотұрағын салған құрылысшылардың әрекетіне наразы. Шағымданушылар арызын әкімішлік өкілдері де тыңдаған. Алайда жауапты компания есертуді елемеген.

Құрылыс компаниясы көпқабатты үйдің дәл іргесінен жер асты автотұрағын салу үшін мынандай шұңқыр қазып тастады, дейді наразы тұрғындар. Одан көрші үйдегі адам жүретін жолақтарда терең жарықшақтар пайда болыпты.

Осы тұрғын үйдің қасында тұрғызылып жатқан жаңа ғимараттың кесірінен арасымен өтетін кәріз жүйесінің құдығы құлауға шақ қалды. Құдығы құлап кетпес үшін оны арнайы темірмен бекітіп тастаған. Темірден жасалған қоршаулар да заңсыз қойылған.

Тұрғындар үш айдан бері шағымданбаған орган қалмағанын айтады. Ақыры бастамашыл топ құрып, Президентке дейін хат жазған. Бұл жерде паркинг емес, парк болуы керек еді, дейді.

Салтанат Назарбек, тұрғын:
Ең бірінші, парк болуы керек, сосын банк салынады бұл жерге. Білмейміз қандай банк екенін. Енді мына жерде 12 қабаттық үйіміз 14 қабат болып жатыр, есепке алатын болсақ. Тіпті біздің жолымыз тура міне маңайына келіп, екі этаждық паркинг салмақшы автокөліктің тұрақтары. 

Құрылыстың қарқынды жүруінен пәтерлердің ішінде сызаттар пайда бола бастаған. Юрий Плужников жаңа баспананы ипотекаға алыпты. Көп ұзамай, қабырғаларында жарықшақтарды байқаған.

Юрий Плужников, тұрғын:
Біздің үй бес жыл бұрын салынып болып, қолданысқа берілді. Іргетасы шөгіліп болған. Алайда, қабырғадағы сызаттар құрылыс жұмыстарының жүруіне байланысты жуырда ғана пайда болған.

Ақаулықтарды жою үшін қалалық орта сапасын бақылау басқармасы тарапынан құрылыс компаниясына нұсқаулық жіберілген. Алайда, кәсіпкер ескертуді қаперге алмаған сыңайлы.

Эльмира Алагөзова, Есіл ауданы бойынша инспекция бөлімінің жетекшісі:
Қазір қала әкімінің шешімімен екінші мәрте тексеру жүргізіледі. Кәсіпкер талапты орындамаса, бүкіл материалдар сотқа жіберіледі.

Алайда, құрылыс салушы компанияның аталған нұсқаулыққа қатысты айтар өз уәжі бар.

Нұрболат Елебаев, құрылыс салушы компанияның заңгері:
Нұсқаулықпен келіспейміз. Қазір бұл іс әкімшілік сотта қаралып жатыр. Екі күн бұрын алғашқы отырыс өтті. Келесі отырыста аппеляциялық шағым жасаймыз.

Мұндай фактілерге тосқауыл қою үшін индустрия және инновациялық даму министрі бақылау күшейтілетінін қадап айтқан еді. Тек үш айдың ішінде ғана ел бойынша осындай 600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Ал бұл тұрғын үйге қатысты дау-дамайды сот шешетін болады.

Ламбриан Топузидис


Бөлісу