Енді жеке куәлік рәсімдеушілер суретке түсу үшін фотографқа барудың қажеті жоқ. Бұл қызметті терминал атқарады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, тұрғындар құрылғының көмегімен жеке куәлік және төлқұжат фотосына өздері түсіп, ұнаған суретті таңдайды. Ары қарай өтінім беруге болады. Шамамен 15 қондырғы алдымен Нұр-Сұлтан қаласында орнатылмақ. Өткен жылы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 2,4 млн қазақстандық жеке куәлік және төлқұжат алған. Десе де, жыл сайын, онлайн қызметке жүгінушілер қатары көбеюде. Осылайша орталыққа келетіндер саны биыл 10 пайызға азайыпты.
Сүйеніш Әбділдин, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:
Халықтан жеке құжаттағы фотоның сапасына қатысты шағымдар түсіп жатады. Осы орайда біз Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, өзіне қызмет көрсету терминалын енгізіп жатырмыз. Министрлік аталған бастаманы қолдап отыр. Терминал биометриялық және интерфейс жүйесімен қамтылған. Қазір осы мәселеге қатысты бірлескен бұйрық шығару қаралып жатыр.