Бектау ата тауы маңынан тас өндірген компанияның жұмысына жергілікті тұрғындар наразы
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Бектау ата тауы маңынан құм, қиыршық тас өндірген компанияның жұмысына жергілікті тұрғындар наразы. Себебі ашық жатқан қазан шұңқырларға малдары түсіп, шығынға батқан. Заң бойынша бұл аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бүгінде шөбі шұрайлы біраз жайылымдық жер қу тақырға айналған.
Бектау ата тау баурайын мекендеген Орта Дересін ауылдық округі тұрғындарының негізгі тіршілігі мал өсіру. Мына қазылған аумақтар кезінде шұрайлы жайылымдық жерлер болған. Қазір мүлде қылтанақ шықпайды. Тұяқты мал тұрсын ба, ашық жатқан шұңқырға түсіп, жұрт шығынға батуда.
Ержан Әбеуов, Орта дересін ауылының тұрғыны:
Тас жерлерде мал жайыла алмайды. Сондықтан жазыққа түседі. Жазық жерлердің көбі енді қазылып жатыр. Су жиналады, батпақ болады. Оған мал түседі. Біраз малдар қырылды енді.
Қалтай Игенбаев, орта дересін ауылының тұрғыны:
Взрывайт етті қаншама рет. Тауларда сулар болатынды, солардың көбі жоғалып кетті. Малымызға зияны келді. Жолды жасағаны да дұрыс қой. Бала-шағамызға бәріне де. Бірақ енді мынаны қайтадан қалпына келтірсе. Бұл Бектау ата тұрғындарының талабы.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қарағанды-Балқаш тас жолының құрылысына алматылық фирма 2019-2020 жылдар аралығында дәл мына Бектау ата баурайынан тас және топырақ қазып алған. Ал биыл сәуір айының басынан бастап бұл жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Алайда мінекей қазан шұңқырлар маңайында ешқандай жұмыс көрінбейді.
Айман Түкбаева, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты:
Мен өзім фирманың директорына хабарластым. Екінші тоқсанның басында рекультивациялық жұмыстарды бастаймыз деп уәде берді. Міне сәуір айы өтті еш қозғалыс жоқ. Бұл аумақта жұмыс істеуге заңды түре рұқсат берілген. Алайда табиғаты әсем, «Қазақстанның 100 киелі жерлері» картасына кіретін Бектау ата тауына жақын аумақтардың осылайша бүлінгені қатты қынжылтады.
Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бойынша бұл алқаптар ерекше қаралатын таулы аймақтар мен орман қорына жатпайды, тарихи-мәдени ескерткіштерге де зиян келмеді,-дейді мамандар. Ал рекультивация, яғни қазылған жерлерді қалпына келтіруге жыл соңына дейін уақыт берілген.
Жансая Шайзадаева, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
Бүгінгі таңда «Дәнекер жол» ЖШС ағымдағы жылдың 3-ші тоқсанында рекультивациялық жұмыстарды бастауды жоспарлап отыр. Міндетті түрде олар бұл жұмысты атқарулары керек. Орындалмаған жағдайда келер жылы жаңадан жұмыс жүргізуге рұқсат алуы және жобаларды қайта дайындауы керек болады.
Тұрғындар мен мәслихат депутаттары қазылған алқаптарды дұрыс қалпына келтірілгенше мәселені жіті назарда ұстайтындарын айтады. Бүгінде тиісті органдарға да хабарласқан. Мәселені Мәжілістің деңгейінде де көтеруге бекініп отыр.
Руслан Нұрланұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы