Батыс елдері Украинаға қару жеткізуді ұлғайтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс елдері Украинаға қару жеткізуді ұлғайтты

26.04.2022

Батыс елдері Украинаға қару жеткізуді ұлғайтты. Польша танкілерді жібергенін мәлімдеп, оның нақты санын атаған жоқ. Ал, неміс концерні Киевке 88 танк бермек. Британиядан әскери жүк көліктері мен брондалған жедел жәрдем көліктерінің бірінші легі жетті. Жалпы, Украина жеріндегі қарулы қақтығыс 62-ші күнге ұласты. Соңғы деректерге қарағанда, Ресей күштері елдің шығысы мен оңтүстігінде шабуылды үдеткен. Дегенмен айтарлықтай алға ілгерілеу байқалған жоқ. Ал Британия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргелі 15 мың сарбазынан, 2 мың брондалған техника, 60-тан астам тікұшақ пен жойғыш ұшағынан айырылған. Алайда, ресми Мәскеу бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Сонымен бірге дүйсенбіде Украинаның орталығы мен батысында ресейлік күштер алты теміржол торабына соққы берген. Қаза тапқандар мен жапа шеккендер бар. Украина әскерилерінің мәлімдеуінше, Ресей армиясы майданға шетелден келіп жатқан әскери көмекті жеткізбеу үшін теміржол тораптарын зымыранмен атқылап жатыр. Ал, Мәскеу теміржол станциялары аумағына дәлдеп ататын қару қолданғанын мәлімдеді.

Нина Щербак, Мариуполь тұрғыны:

Біз бәрінен айырылдық, бәрін жоғалттық. Адал еңбекпен келген еді. Енді неден бастарымды, не істеу керегін білмеймін.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу