«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Мәжіліс депутаттары жобаны қайта қарауды ұсынып отыр. Бүгін олардың алдына Ұлттық экономика министрі келіп, ауылды көркейту үшін не істеліп жатқанын баяндады. 3 сағатқа созылған Үкімет сағатында ауылдың қазіргі жағдайы жан-жақты талқыланып, министр біраз сын естіп қайтты.
3 жылда «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына 206 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға тізімге ілінген 3500 елді мекенде 2600-ге жуық жоба жүзеге асқан. Барлығы ауылды көркейтуге, ондағы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі елдегі ауылдардың жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты.
Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика министрі:
Республикада 6293 ауылдық елді мекен бар. Оларда 7,8 млн ауыл тұрғыны тұрады. Бұл ретте, 4,4 мың ауыл орталықтандырылған сумен қамтылған, ол 74 пайызы. 5,5 мың ауылда асфальттанған жолдар, ол 88 пайыз.
Министр ауыл бойынша біраз көрсеткіштерді атады. Алайда күні кеше ғана аймақтарды аралап келген депутаттар кейбір мәліметтерге күмәнмен қарады.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Министр мырза айтып кетті, 600-ден астам ауылдың 500-де асфальт деп. Менің ойымша осы сандарға өте мұқият болу керек. Өйткені біз ауылдарға барамыз, шекаралық ауылдарда мұндай асфальт төселгенін мен әзірге көрген жоқпын.
Сапасыз жолмен қатар ауылдың басқа да проблемалары шаш етектен. Ауыз су, медицина, интернет, жұмыссыздық, тіпті жайылымдық мәселесі шешілмей тұр. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық білімнен-ақ байқалады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ауыл балалары физика, химия, биологияны заманау зертханаларда оқымайтын болса, нано және био технологияны ауыл баласы білмейтін болса, емін еркін спорт үйірмесінде шынықпаса, жалпы ауыл баласының өмірдегі бәсекеге қабілеттілігі туралы айтуымыз екі талай. Сондықтан білім теңсіздігі қазір өте өзекті мәселе.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қайта қарау ұсынылды. Себебі, қазіргі нұсқасында кемшілік көп. Жобаға кірмеген елді-мекендердің болашағы тіпті бұлынғыр. Ауылдың жағдайын нақты білу үшін алдымен сол жерге бару керек дейді, депутаттар.
Ғалым Әміреев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, қандай проблемалар бар, сол жерде халықпен ақылдасып, шешуге жұмыс істеп жатқан министрді көріп жатқан жоқпыз. Барлық министрлер, керек болса, ауылдық жерге барып өткізсін жиналысты. Ол жерде жағдай бар, мәдениет үйлері бар.
Бірақ, елдегі 2500 ауылда ешқандай мәдени нысан жоқ екен. Мұндай деректі депутат Қазыбек Иса келтірді. Жалпы ауыл туралы депутаттар тебіреніп, толғанып сөйледі. Бұрынғы айтыскер Аманжол Әлтай 20 жыл бұрын сахнада айтқан сөздерін де еске түсірді.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ауылым рухымның тас қамалы, ауылым алтын тұғыр асқаралы, мемлекеттің мерейін биіктету ауылды көтеруден басталады, деген едім. Осы сөз осы күнге дейін өзекті.
Мәжілістегі жиын 3 сағатта әзер бітті. Депутаттар өңірдегі өзекті проблемаларды айтып, құзырлы орган басшыларын сұрақтың астынан алды. Бірақ олардың көптеген сауалына мардымды жауап болмай, келген қонақтар әдеттегідей құрғақ уәдені үйіп-төгіп кетті.
Берік Көшербай