Батыс елдері Ресейге "мәдени санкцияларды" көбейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс елдері Ресейге "мәдени санкцияларды" көбейтті

24.04.2022

Батыс елдері Ресейге "мәдени санкцияларды" көбейтті. Осы аптада «Paramount» компаниясы Nickelodeon арнасын, ал, Discovery болса Animal Planet арнасын жабатынын мәлімдеді. Бұған дейін Hollywood-тың Walt Disney, Sony, Warner Bros студиялары фильмдерін орыс тілінде көрсетпейтінін айтқан. Оның салдары бізге де сезіле бастағандай. Өйткені, әлемдік фильмдер бізге Ресей арқылы, көбіне орыс тілінде келетін.

Алмас Малдыбаев, кинотеатрлар желісінің жетекшісі:
Қазақстанда 2 компания бар. Екі үлкен компания біреуі Меломан, біреуі Сулпак. 30-40 пайыз кинолар Сулпак Қазақстанға әкеледі. 30-40 пайыз меломан компаниясы әкеледі. Қазіргі орысшаға аударылған кинолар беріледі. 1-2 айдың ішінде ол кинолардың бәрін көрсетеміз. Бірақ, негізгі сұрақ, қалған кинолар, жаз, күз уақытына пландалған кинолар не болады?

Алмас Малдыбаевтың айтуынша, бізде көрсетілетін фильмдердің 90 пайызы шетелдікі. Жылына 300 фильм ұсыну керек. Қазақ тілінде дубляждалғандар аз.

Абзал Мухимов, "Ұлттық киноны қолдау мемлекетті орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Өзі 5-6 компания ғой енді, Сони бар, универсал бар, парамоунт бар. Бұлардың барлығы да өздерінің жоспарлаған фильмдарын біздің рыноктан алайын деп отқан жоқ. Және алмайды да аз болсын, көп болсын ол нарық.

Иә, танымал туындыларға енді қазақ тілінде сұраныс артуы мүмкін. Бірақ, оны аударуға біздің мүмкіндігіміз қандай?

Серік Әбішев, Ш.Айманов атындағы "қазақфильм" ақ өндіріс бойынша вице-президенті:
Мысалы үшін бір киноны толықтай дубляж жасауға 30 млндай теңге керек. Ол 30 млнның ішінде где-то 12-13 млны шет елдегі жұмыстар. Мысалы, Шепертон қаласындағы дубляж дыбыс өңдейтін студия бар, сол студяида долби атмос деген технология орналасқан. Бүкіл голливудтық кинолар бәрі сол Долби атмастан өту керек. Қазақстанда және Ресейде ондай технологиялық дыбыс өңдейтін студиялар жоқ. Біз биыл осы Қазақфильм студиясында «Долби атмас» студиясын ашайын деп жатырмыз.

Бұл студия ашылса, дубляж шығыны 30 пайызға азаяды. Ал, 10 жылда 38 фильмді қазақша сөйлеткен «Болашақ» қорының өкілдері бізде дубляжға кеткен шығын ақталмайды,-дейді.

Айымгүл Орынбаева, "Болашақ" корпоративтік қорының жобалар координаторы:
Халықтың 80 пайызы орыс тілінде қабылдап үйреніп қалған. Біздің жақтан шығындар ақталмайды. 22-де біз қазір фильмдерді дубляждауға алған жоқпыз. Басты себептердің бірі бұл демеушілердің болмауы. Екіншіден, бұл жобаны қазір мемлекет тарапына беріп жатырмыз. Дубляжбен мемлекет тарапынан мамандар айналысса екен деген ұсыныстар бердік, соған жауап күтіп отырмыз.
Серік Әбішев, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ өндіріс бойынша вице-президенті:
Мысалы, қазақ киносында прокатқа шығатын продюсерлердің кинолары 500 мың доллардан артық болмауы керек бюджеті. Неге, өйткені, олар прокаттан 600-700 мың доллар ғана таба алады егер сәтті өтсе прокат. Кинотеатрлардың айтуынша, қазақ тіліндегі киноларды онша адамдар көп көрмейді деп, соған байланысты мүмкін бас кезде көрерменді үйрету үшін Үкімет тарапынан кионтеатрларға субсидия бөліну керек деп ойлаймын.

Осындай қолдау дублаж саласына да ауадай қажет дейді,-мамандар.

Шахмұрат Ордабаев, актер және дубляж режиссері:
Сапасы жағынан және мамандардың біліктілігі жағынан біз басқа ТМД елдерінен кем емеспіз. Ең басты проблема еңбектің бағалануы. Мысалы ретінде келтірейін. Белгілі бір сериалдың бір сериясы үшін әртістерге 3 жарым мың теңге, 4 мың теңге төленеді дегенді естідік. Бірақ, мұның барлығы өте ұят әңгіме, өйткені мұндай баға 2006 жылдары болатын. Яғни, одан бері нанның бағасы 3есе қымбаттаса, әртістің бағасы сол деңгейде тұр деген сөз.

Шахмұрат Ордабаев режиссер ретінде 15 фильмді, актер ретінде 50 фильмді қазақша дыбыстауға қатысқан. Айтуынша, біздің дубляж шет елде жақсы бағаланады.

Шахмұрат Ордабаев, актер және дубляж режиссері:
Дисней компаниясы қазақ тілін, қазақ тіліндегі дубляждарды үздік 10-дыққа, үздік 5-тікке қосқан кездері болды. Кей жобаларды. «Коконың кұпиясы», «Мұзды өлке», «Моана» деген сияқты жобалар үздік үштікке ілінген кездері болды. Тек әттеген-айы соның барлығы қолжетімді болып ютубта, интернетте орыс тілінде жүреді, соның барлығын қазақшаға толтыру керек.

Интернет демекші, қазір «Nickelodeon» және «TiJi» арнасының мультфильмдері қазақша сөйлей бастады. Ал, бұл арналар енді орыс тілінде шықпайтынын ескерсек, қазақша нұсқасына сұраныс артар. Сондықтан, ол өнімдерді аударуға бюджеттен 570 млн теңге бөлінген.

Серік Әбішев, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ өндіріс бойынша вице-президенті:
21 жылы Никелодеон балалар каналынан тапсырыс келді. Біз оларға 15 сериалын қазақ тіліне аударып бердік. Және де Тижи деген балалар каналынан тапсырыс келді. Барлығы 900 серияны біз дубляждадық қазақ тіліне.

Иә, бұл арналардың қазақ тілінде сөйлегенін көрермен жақсы қабылдады. Бірақ, бала тәрбиесіне алаңдап, сақ болу керек деп жатқандар да бар. Осындайда өзіміздің туындылар қайда деген сұрақ туады.

Абзал Мухимов, Ұлттық киноны қолдау мемлекетті орталығы АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Қазақ анимациясы өте ауыр кезеңді басынан өткеруде. Бізде контент жоқ. Ал, енді анимация үнемі қымбат дей берген де бекер әңгіме. Қазір технология дамып кетті. Сіз үйіңізде отырып ақ жоба жасай аласыз. Қазір барынша төмен деңгейдегі 2д,3д сияқты қалыпты нормадағы анимациялық филмдер жасауға болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын шықты мысалы «Қошқар мен Теке» жобасы. Қазақ балаларын ішінде керемет таралып кетті.

Қошқардың «Білмейм теке!» деген осы сөзі кең таралды. Өйткені, бізде осындай жауаппен шектелетін сұрақ көп. Ал, Батыс елдері Ресейге "мәдени санкцияларды" түрлі салада жаудырып жатыр. Мәселен, енді Marvel комикстері орысша шықпайды. Condé Nast, Hearst Magazines баспа үйлері Vogue, GQ, Cosmopolitan, Harper’s Bazaar және Esquire сынды журналдарының орысша нұсқасын жаппақ. Иә, бұл басылымдар бізде аса танымал емес. Бірақ, әлемдік фильмдерді көргіміз келетіні анық. Алайда биыл шыққан танымал кинолар біздің көрерменге уақытылы жетпей қалуы да мүмкін. Өйткені, бір фильмді дубляждауға кемі 5-6 ай қажет,-дейді мамандар.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу