Басты Жаңалықтар Лондонда Алматының туристік әлеуеті таныстырылды

Лондонда Алматының туристік әлеуеті таныстырылды

Лондонда өткен Дүниежүзілік көрмеде еліміздің туристік әлеуеті таныстырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған индустрия өкілдері тарихы мен мәдениеті бай, цифрлық технологиялары дамыған Ұлы дала еліне шақырту алды.

Биыл отандық павильон әлемге Алматыны паш етті – көркем табиғаты, бай мәдени мұрасы және дамыған инфрақұрылымы үйлескен қаланы таныстырды.

Еркебұлан Абиханов, Алматы қаласы Туризм басқармасының бөлім басшысы:

Басқа елдердің туроператорларымен, туристік өкілдерімен танысып, келісім-шарттарға отыру біздің ең басты мақсатымыз. 

2025 жылдың алғашқы жартысында Алматыға 1 миллионнан астам турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 жарым пайызға артық. Олардың 300 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар.

Альберто Руффини, Италия туристік компаниясының өкілі:

Қазақстанның басқаларға ұқсамайтын ерекшелігі бар. Елдеріңіздің италиялықтар үшін қызықты болары сөзсіз.

Көрменің мәдени бағдарламасы аясында «Сазген сазы» ансамблі өнер көрсетті. Қолөнер шеберлері өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Қонақтар қазақ батырларымен фотоға түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Амид Нехемия, Израиль туристік компаниясының өкілі:

Мен жақында Қазақстанда болдым. Жылқы еті ұнап қалды. Алматының апорты да, адамдары да ғажап.

Дүниежүзілік туристік көрме биыл 38 мыңнан астам сала сарапшысының басын қосып, заманауи тенденциялар мен инновациялар туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік берді.


Бөлісу