Басты Жаңалықтар Қазақстан өзінің тәуелсіз жасанды интеллект хабын құрады

Қазақстан өзінің тәуелсіз жасанды интеллект хабын құрады

Қазақстан өзінің тәуелсіз жасанды интеллект хабын құрады. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға АҚШ-тың әлемге әйгілі компаниясы NVIDIA қолдау көрсетеді. Осы орайда, Вашингтонда құны екі миллиард доллар болатын ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Тарихи келісім «Орта Азия және АҚШ» саммиті аясындағы бизнес форумда жасалды. Оған АҚШ сауда министрі арнайы қатысты. Сонымен әлемге графикалық процессорлар және озық чиптерімен танымал NVIDIA еліміздің ұлттық жасанды интеллект хабын құруға тікелей ат салысып, заманға сай есептеуіш технологияларымен жабдықтайды.  

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі: 

Бұл хаб экзоскейл деңгейіндегі үлкен есептеулер үшін, жасанды интеллект өнімдері үшін және экономиканың түрлі салаларында – медицина, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика және басқа да бағыттарда қолдануға арналған. Келісім сомасы – 2 миллиард АҚШ доллары. NVIDIA компаниясының ең жаңа жасанды интеллект чиптері қолданылады және мемлекет мұндай есептеу хабын құруға толық қолдау көрсетеді. Бүгінгі күні өңірде мұндай ауқымдағы жоба жоқ және Қазақстан бұл хабты бүкіл өңір мен Орталық Азияға есептеу қуатын ұсыну үшін құрады.

Экзоскейл – бұл санаулы секундтарда миллиардтаған ақпаратты өңдеуге қабілетті есептеу қуаты. Яғни қазақстандық хаб жасанды интеллектті үйрету, ірі мәліметтерді өңдеу, ғылыми зерттеулер, климатты болжау секілді түрлі саладағы аса күрделі есептеулерді өте жылдам орындай алатын қуатты суперкомпьютерлік орталыққа айналмақ. Фридом Холдинг корпорациясы жобаның негізгі инвесторы және операторы болмақ.

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы және бас атқарушы директоры:

Шын мәнінде, бұл өңірдегі ең ірі жасанды интеллект кластері болады және ол жасанды интеллектті енгізудің, ұлттық жасанды интеллект үлгілерін дамытудың аса қуатты үдеткіші ретінде қызмет етеді. Бұл Қазақстанды жасанды интеллект саласындағы бұлтты есептеулер мен компьютерлік қызметтерді ұсынатын ірі IT-қызмет экспорттаушысына айналдыруға жол ашады. Бұл хаб Орталық Азияны ғана емес, тіпті жаһандық нарықтарды да қамтуы мүмкін. Мен бұл бастама еліміздегі бүкіл IT саласында жоғары білікті жұмыс орындарының пайда болуына үлкен серпін беретініне сенімдімін.

Жоба биыл Астанадағы мәліметтер орталығында жүзеге аса бастап келер жылдың соңына дейін жалғасады. Хаб аясында инженерлер мен ғалымдарды даярлауға арналған ЖИ академиясы мен ғылыми-зерттеу зертханасы да ашылады. Мамандардың айтуынша, хабтың құрылуы Қазақстанның шетелдік технологиялық платформаларға тәуелділігін азайтып, елдің цифрлық дербестігін нығайтпақ.


Бөлісу