Президент Путин Мариупольдегі «Азовсталь» зауытын штруммен алу жоспарынан бас тартуға бұйрық берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Путин Мариупольдегі «Азовсталь» зауытын штруммен алу жоспарынан бас тартуға бұйрық берді

21.04.2022

Украинада әскери қақтығыс 57-күнге ұласты. Ресей күштері елдің шығысындағы облыстарды басып алу әрекетін жалғастырып жатыр. Украина күштері оларға бірнеше мәрте тойтарыс берген. Президент Путин Мариупольдегі «Азовсталь» зауытын штруммен алу жоспарынан бас тартуға бұйрық берді. Британия, АҚШ болса, Ресейге қарсы санкцияны күшейтті. Арай Төлегенқызы баяндайды.

Мариуполь үшін шайқас: путин штурмнан бас тартты

Ресей президенті ел армиясына Украинаның Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытын штурммен алмауға бұйрық берді. Сонымен қатар, Кремль басшысы Мариупольді қорғаушылар қаруын тастаса, олардың өмірін сақтауға кепілдік беретінін айтты. Ал қорғаныс министрі Сергей Шойгу Путинге Ресей қарулы күштерінің Мариупольді бақылауға алғанын хабарлады. «Азовсталь» зауыты ғана украиналықтардан босатылған жоқ.

Владимир Путин, Ресей Президенті:

Өнеркәсіп зонасын штурммен алуды орынсыз деп есептеймін. Одан бас тартуға бұйрық берем. Өз сарбаздарымыз бен офицерлеріміздің өмірі мен денсаулығын сақтап қалуды ойлаған дұрыс. Зауытты шыбын өтпейтіндей етіп бұғаттап тастаңдар.

Ресей армиясы алға жылжи алмай жатыр

Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл зауытта Украинаның «Азов» батальоны мен теңіз күштерінің 2 мыңдай жауынгері және мың шақты бейбіт тұрғыны бекінген. Мұндағы сарбаздардың 500-дейі жараланған. Үкімет бейбіт тұрғындар мен зардап шеккен әскерилерді көшіру үшін шұғыл түрде гуманитарлық дәліз ашуды талап етіп отыр. Еске салайық, бірер күн бұрын Ресей жауынгерлері Донбассты басып алуды бастады. АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының дерегінше, ресейліктер әзірге Украинаның шығысында алға жылжымаған. Өткен тәулікте 480 шақырымға созылып жатқан майдан шебінде Украина қарулы күштері бірнеше мәрте тойтарыс берді. Қазір Рубежное және Попасная елді мекендері үшін шайқас жүріп жатыр.

Александр Штупун, Украина қарулы күштері бас штабының баспасөз хатшысы:

Соңғы 24 сағатта Донецк және Луганск облыстарында жаудың тоғыз шабуылына тойтарыс берілді. Оларға тиесілі 1 танк, он брондалған машина, зымыранға қарсы жүйесі мен оқ-дәрі қоймасы жойылды.

Ресейге қарсы санкциялар күшейтілді

Тағы бір айта кететін жайт – АҚШ Ресейдің 40 шақты азаматына, «Транскапитал» банкіне және криптовалюта өндірісіне санкция жариялады. Ал, Мемлекеттік департамент 600-ден астам ресейлікке визалық шектеу енгізіп, оларға Құрама Штаттар аумағына кіруге тыйым салып отыр. Сонымен бірге, «Үлкен жетілік» елдерінің қаржы министрлері Украинаға 24 миллиард доллар қосымша көмек беруге уағдаласты.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу