Қонаев қаласының іргесін су шайып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев қаласының іргесін су шайып жатыр

17.04.2022

Енді көп ұзамай Қонаев атын алатын жаңа облыс орталығына тоқталсақ. «Қапшағай» дегенде бірден казино еске түсетін шығар? 15 жыл бұрын казиноларды Бурабай мен Қапшағайда орналастыру туралы шешім қабылданды. Бірақ Қапшағайды Лас-Вегасқа айналдыра алмадық-ау... Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға дейін Қапшағай өндірістік инфрақұрылымы дамыған, фарфор, темірбетон зауыттары, балық өңдеу кешені бар әлеуеті зор қала еді. Ал қазіргі жағдайы қалай? Қуан Нұрақын біліп қайтты. 

Қуан Нұрақын, тілші
Ұшы-қиыры көрінбейтін мына көл бұрынғы Қапшағай, бүгінгі Қонаев қаласының іргесін шайып жатыр. Бұл – табиғаттың тартуы емес, адам еңбегінің жемісі.Шапық Шөкиндей ғалымның, Димаш Ахметұлындай тұлғаның қолтаңбасы.

Атақты су қоймасы өткен ғасырдың 70-ші жылы пайдалануға берілді. Мыңдаған жыл бойы арнасы ауыспаған Іле өзенін бөгеп, құлазыған қу даланы шалқар айдынға айналдырған жойқын жоба «ғасыр құрылысы» атануға әбден лайық еді. Дінмұхамед Ахметұлы бастаған топтың әуелде айтқаны айдай келді. Су электр стансасына жұмсалған шығын екі-ақ жылда өтелді. Қала аумағында өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда, тұрмыстық қызмет, балық және ауыл шаруашылығы өркендеді. Осылайша, Алматының бір қапталындақанаттас қала бой көтерді.

Зарыққан Әбілқасымұлы – Журналистер Одағының мүшесі.Қалалық «Нұрлы өлке» газетінде жұмыс істейді. Ақсақал 30 жылдан бері Дінмұхамед Ахметұлының өнегелі өмірін зерттеп жүр. Осы уақытқа дейін шаң басқан архивтердіақтарып, бірнеше еңбек жазған. Қалаға Қонаев атын беру – қаламгердің көптен бері көкейде сыздаған арманы еді. Бұл мәселе 2000-шы жылдардан бастап көтерілсе де, еш қолдау таппаған. Енді, міне, сең қозғалды.

Зарыққан Әбілқасымұлы, Қапшағай қаласының тұрғыны:
Шеңгелді алқабы мен Балқаш ауданындағы Ақдала алқабы суландыруына болатындығын ол ғалымдармен бірлесе отырып жүзеге асырды. Екіншіден, бұл жерде теміржол көпірі салынды. Авто магистраль жолы салынды. Яғни Жетісу аймағы толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етілді.

Қала қалыптасқан соң ірі кәсіпорындар мен өндірістік мекемелер салынды. Мәселен, 1975 жылы іске қосылған фарфор зауыты 1600 адамды жұмыспен қамтылған. Қазір зауыт үш жылдан бері тоқтап тұр. Кәсіпорын басшысының айтуынша,зауытты қайтадан іске қосса, 600-ден астам адамның екі қолына бір күрек табылар еді.

Съезбек Ақылтаев, Фарфор зауытының директоры:
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Қазақстан Компартиясының бірінші секретары кезінде сол кісінің бастамасымен Қапшағай қаласына фарфор зауытын салу ұйғарылды. Осыны жарты жолдан тастап кеткіміз келмей аталарымыздың, Димаш Ахметұлының қолдары тиген. 1979 жылы келіп зауытты тексеріп, цехтың ішін аралап қайтқан. Келмеген адам жоқ. Бәрі көрді. Жүріп тұрғанын көрді. Соның белгісі ретінде біз мына музейді сақтап отырмыз. Кішігірім болса да бұл музей.

Қапшағайда қазір 60 мыңнан аса адам тұрады. Қала географиялық тұрғыдан алғанда өте қолайлы жерде орналасқан. Бұл өңір орталық пен солтүстік Қазақстанды Ресеймен және Еуропа елдерімен, ал Алматы облысының солтүстігін Қытаймен жалғайды. Енді «облыс орталығы» мәртебесі берілгеннен кейін тұралап қалған өндіріс қайта жанданар,- деп тұрғындар үміттеніп отыр.

Қапшағай – Қазақстандағы казинолардың қызмет көрсетуіне рұқсат етілген екі аймақтың бірі. Ойынханалардың барлығы орталық күре жолдың бойында орналасқан. Жергілікті тұрғындардың көбі осында жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Ертең қала облыс орталығына айналып, жұмыссыздық мәселесі шешілсе, казиноларды қайтпек керек?

Қуан Нұрақын, тілші
Елу жылда -ел жаңа. Қонаев қаласы еліміздің картасынан орын алған жарты ғасырдан аса уақыт туристік нысан ретінде ғана танылып келді. Облыс орталығына айналған қаланың өсіп, өркендеуі енді сіз бен біздің көз алдымызда өтпек.

 Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу