Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағындағы жануарлар дүниесі молайып келеді. Ерекше қорғалатын аумақ қызметкерлері қазір мұнда 20-ға жуық қар барысының тұрақты мекен ететінін дәлелдеп отыр. Сондай-ақ парктің орман-тауларында Тянь-Шань қоңыр аюы мен қасқырдың, Түркістан сілеусіні мен қабанның саны артқан.
Жабайы аңдарды бақылауға фото және бейнетұзақ қондырғылары мүмкіндік беріп отыр. Ұлттық парктің Ұлттық арнаға ұсынған бейнежазбаларын тілшіміз Қуаныш Қанатұлы репортажында пайдаланды.
Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағында 244 Тянь-Шань қоңыр аюы бар. «Бұл ғылыми дәлелденген мәлімет», - дейді қызметкерлер. Маймақ жануардың көбеюінің басты бір себебі - аумақтың ерекше қорғалуында.
Мамандар мұндағы әр сай мен шатқалда аюдың он шақты апанын көруге болатынын айтады. Сол сияқты қасқыр мен қабан, елік пен таутеке, маралдың да емін-еркін жүргендерін аңғаруға болады.
Жанахмет Молдахан, аға ғылыми қызметкер:
Сарқан филиалының аумағында қабан шошқа кездеспеген. Былтырғы жылы санақ бойынша 30-40 тай қабан шошқаның пайда болғаны көрінді. Бұл - парк аумағындағы қорғау жұмыстарының нәтижесі және ғылыми-зерттеу жұмыстарының жақсы жүргізіліп келе жатқандығы деп айтуға болады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Биыл карантиндік шектеу жеңілдеп, паркке келетін туристер саны едәуір артады деп күтілуде. Өткен жылдың өзінде 2 мың адам саяхаттап қайтқан. Олар үшін 13 туристік бағыт дайындалып отыр.
Парк аумағында жалпы құны 1 млрд теңге болатын 4 инвестициялық жоба қолға алынды. Бұл да туристерге қолайлы жағдай туғызып, тіпті шетелдіктердің де қызығушылығын арттыруы мүмкін. Әсіресе мамыр айында Сиверс алмасының гүлденуін тамашалауға халық көп жиналады деген болжам бар.
Марат Қабиев, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
Қазір заманауи кэмпинг, глемпинг саламыз деп отыр. Караванинг саламыз деген жер бар. Сондай аумақтарды бермек ой бар.
Ұлттық паркте орман қорын молайту мәселесі де өзекті. Биыл 30 гектар жерге 78 мың түп көшет отырғызу жоспарланып отыр. Парктер шеруі мерекесі аясында алғашқы қадамы жасалып, Сарқан қаласының саябағы көшеттермен толықты.
Қуаныш Қанатұлы