Ақтөбеде 100-ден аса үй суға кетсе, БҚО-да 140 үй мен екі әлеуметтік нысанды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 100-ден аса үй суға кетсе, БҚО-да 140 үй мен екі әлеуметтік нысанды су басты

10.04.2022

Су тасқынынан көп зардап шеккен аймақтар – Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысы. Ақтөбеде 100-ден аса үй суға кетіп, аудандар арасында қатынас тоқтады. 300-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір жағдай тұрақталғанға ұқсайды, тұрғындар мен кәсіпкерлер зардап шеккендерге киім-кешек, азық-түлік жеткізіп беріп жатыр. Өңір басшылығы, "Үйі суға кеткендер көмексіз қалмайды» деп мәлімдеді. Ал Батыс Қазақстанда жеті аудан мен Орал қаласы ерекше бақылауға алынады деді. Табиғи апатпен күреске облыс резервінен 1,4 млрд теңге қарастырылған. Төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккен аудан жұртына Оралдан гуманитарлық көмек жөнелтілді. 170-ке жуық мал қырылып қалды. Қазір қос облыста да үйі суға кеткен тұрғындар көмек сұрап отыр.  

«Апат айтып келмейді». Айтып келмейтін болған соң, оған қай кезде де дайын болу керек еді. Өкініштісі, Ақтөбе биыл суға кетті. Айдың басында күн күрт жылынып, сай-сала суға толды. Тек сай-сала емес, қаланың көшелері, жекелеген аудандары да қызыл судың ортасында қалды. Аудандар да қарғын судан зардап шекті.10-ға жуық ауылға баратын жолдар мен бөгеттерді су шайып, қатынас тоқтады.

Жолдары суға толып, көпірлері бұзылған ауылдар бірнеше күн қатынассыз қалды. Дегенмен, елді мекендерде азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры болды. Аса шұғыл жағдайда адамдарды қайықпен өткізу жағы қарастырылды. Қарғын су әсіресе, облыс орталығындағыларды әуреге салды. Тасқынға қарсы жүйелі жұмыс жүргізбегені үшін шаһар басшысы сөгіс те естіді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл қаланы қақ жарып өтетін Жіңішке өзені. Жылда құрғап жататын арнасы биыл толып, айналасындағы үйлер түгелдей суға кетті. Дегенмен, қазір судың беті қайтты, тұрғындар үйлеріне оралып, дүние-мүліктерін түгендеп жатыр.

Тасқын кезінде Райымбектің де үйі су ортасында қалды. Баспанасын қыруар қаржы шығарып, өткен жылы ғана жөндеген. Енді бар еңбегі зая кетті. Ол судың кіргенін ұйықтап жатқанда бір-ақ білген.

Райымбек Халидоллаев, тұрғын:

Ұйықтап жатқан кезде кірді су деген, астымыздан сыз өткенде білдік қой тек, атып шығып, үлгеріп кеттік, киініп алып атып шықтық. Басқа ештеңе алған жоқпыз, киім, көрпе-көпшік, бәрі жатты осылай. Документ, ештеңе алған жоқпыз.

Қала бойынша барлығы 119 үй суға кеткен.Саяжай аумағындағы үйлердің бірі құлап қалды. 300-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір уақытша паналау орындарында жүзге жуық адам бар. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлер оларға киім-кешек, азық-түлік жеткізіп беріп жатыр. Мұндағылар боғлан жайттан естерін әлі жия алар емес.

Зарина Егембергенова, қала тұрғыны:

Асықтық, документтерді алуға үлгерген жоқпыз. Тек балалардың документін ғана алдық. Су ол кезде тобықтан келді. Үйдің арты құлады. Жан-жақтан келген судың биіктігі мындай болып қалады. Сондай енді жағдайымыз.

Өкініштісі, тасқын кезінде «үйім суға» кетті деп жалған ақпарат беретіндер көбейген. Кейбір пысықайлар тегін инертті құралдарды өзгелерге сатып, пайда көрмекші болған. Қазір бұл деректерді полицейлер тексеріп жатыр. Ал, облыс басшылығы тасқыннан зардап шеккендердің бәріне бірдей қолдау көрсетеміз деп мәлімдеді. Бірақ, баспанасы бүлінген тұрғындар берілетін көмек мардымсыз бола ма деген алаңдаушылығын білдірген еді.

Айбек Көпенов, қала әкімінің орынбасары:

Біздің есептеуімізше көбінің үйі тұруға жарамды.Тек жөндеу жұмыстары қажет болады . Үйі жарамсыздарға уақытша тұруға отабсылық жатақхана болсын, басқа болсын, сондай пәтерлер тауып беремі.

Бұл күндері құтқарушылар тынымсыз жұмыс істеді. Тіпті, су ортасында қалған үй жануарларына дейін назардан тыс қалмады.Ең бастысы, қауіптің беті қайтты. Ендігі міндеттің бірі – бүлінген жолдар мен көпірлерді қалпына келтіру.

Марғұлан Аманбаев, облыстық ТЖД бастығы:

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша ешқандай қауіп жоқ. Жасалып жатқан жұмыстарды білесіздер, қазіргі кезде 21 мың қап қорғау төселді, 20 км артық дамба жасалды. Барлық техника жергілікті атқарушы органдармен облыс, аудан акиматтарымен көптеген жұмыстар атқарылды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір арнайы комиссия шығын көлемін анықтау үстінде. Үйлері суға кетіп, далада қалған тұрғындар жергілікті биліктен асыға көмек күтіп отыр. Ал, тасқыннан зардап шеккен Батыс қазақстан облысындағы жағдайды әріптесім Ардақ Мұратқызы баяндайды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Батыс Қазақстанда төрт ауданда төтенше жағдай жарияланды. Тағы үш аудан мен Орал қаласы су тасқынына орай ерекше бақылауға алынды. Жалпы 140 үй мен екі әлеуметтік нысан суға кетті. Ауыл-аймақта 750 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Табиғи апатпен күреске облыс резервінен 1,4 млрд теңге бөлінбек. Тасқыннан, әсіресе, Жәнібек, Қаратөбе ауданының тұрғындары қатты зардап шекті.

Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында 97 үйді қарғын су басты. Газ құбыры, электр желісіне зақым келіп, 17 үй жылусыз, жарықсыз қалды. Ауылда 1500-дей адам тұрады. Су басқан кезде олардың 600-ден астамы қауіпсіз жерге көшірілді.

Бір-бірімізден қолтықтасып ұстап тұрмыз төртеуміз. Біреуміз жіберіп қалсақ, не тайып кетсек, суға кетеміз. Судың ағысы көтеріліп келіп жатты. Бастапқыда мектеп пен балабақшаны 300-ден астам адам паналады. Қазір бұл жерде баспанасы жарамсыз боп қалған 5 отбасы тұрып жатыр.

Жания Қарақұлова, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

Бір минутта баспанасыз, далада қалдық. Мен дәрілерімді алып үлгердім, операция жасалғанмын бүйректен. Мектепке апарып орналастырды. Есіміз ауып кірдік есіктен. Ешкімнің басына бермесін мұндайды. Білмеймін енді осы жасқа келгенше мынадай жағдайды көрген жоқ екенбіз біз.

Арнайы комиссия тасқыннан келген шығынды есептеуге кірісті. Қираған мүлікке техникалық-сараптама жасалады. Газ, электр желілері қалпына келтіріліп жатыр.

Қобылан Карин, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

Мына жарылғандарды көріп тұрсыз ғой. Үйдің ана қабырғасы ары қарай кетіп бара жатыр. Мынау веранда. Ана жақ тағы солай. Есімізді жия алмай қалдық қой. Әні-міне дегенше су келіп үлгерді екі сағаттың ішінде. Үйден құжаттарды алып, шығып үлгердік. Қазір отбасым басқа жақта, өзім басқа жақта жүрмін. Мал-жаным аман, әйтеуір. Үйге тек үкімет көмектесер деп отырмыз енді.

Зардап шеккен отбасыларға аудандық бюджеттен 150 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдем беріледі. «Amanat» партиясы азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұған қоса партияның жанынан арнайы есепшот ашылды. «Ақжайық» қоры құрылып, оған да қаржы аударылуда. Облыста жасақталған еріктілер штабында киім-кешек, азық-түлік қабылданып жатыр.

Аймақта 12 тасжолды су шайып кетті. Олардың ішінде екеуі республикалық, үшеуі облыстық күре жолдар. Бұзылған көпірлер мен өткелдер қайта салына бастады.

Ресми санақ бойынша тасқыннан 168 түлік арам өлген. Мал шығыны әлі де есептеліп жатыр. Заң бойынша арнайы дерекқорда тіркелген жануарға ғана өтемақы төленеді. Ал суға кеткен малдың дені - әлі есепке алынбаған жаңа туған төлдер.

Жақсыбек Кемал, Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу