Су тасқынынан қырылған мал сақтандырылмаған болса, оның құнын үкімет төлемейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан қырылған мал сақтандырылмаған болса, оның құнын үкімет төлемейді

10.04.2022

Су тасқынынан қырылған мал сақтандырылмаған болса, оның құнын үкімет төлемейді. Себебі заң солай. Үкімет сағатында ветеринария саласын реформалау барысы сөз болды. Шешілмеген мәселе көп, саланың аты бар да заты жоқ. Біріншіден, елде мал дәрігері тапшы. Мал басы Қазақстанда 33 миллионнан асса да, оны емдейтін 11 мың ғана маман бар. Олардың жалақысы өскенмен, жүктеме көп. Бұл мамандықты оқытуға жыл сайын елу грант қосылып отыр. Бірақ жастар оқуға бармайды. Себебі түсінікті де.

Екіншіден ауылдық жерде ветеринар болған күннің өзінде, оның арнайы жабдықтары, егетін вакцинасы, жүретін көлігі, тіпті дәрі-дәрмек сақтайтын арнайы пункті де жоқ. Үшіншіден, ауырған мал мен арам өлген малдың саны өсіп кеткен. Мысалы бруцеллез, сібір жарасы сияқты індеттер бірнеше есе артқан. Жоқтамағанның малы түгел деп жұрт та жайбарақат отыра алмайды. Мәселенің шешімі бар ма? Оңғар Алпысбайұлы зерттеп көрді.

Бүгінгі ветеринария саласының аты бар да, заты жоқ. Матриалдық техникалық базалары көнерген, жалақылары өте аз, тіпті білікті кадр да тапшы. Ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндігіміз өте жоғары дей тұра, нағыз қажетті салаға немқұрайлылық танытып отырмыз. Мәселенің ауқымдылығы сонша мал дәрігерлерінің проблемалары Парламентте арнайы отырыста қаралды. Депутаттар дәйекті дәлел келтіре отырып, салаға сапалы реформа жүргізу қажет екенін айтты.

Бекқали Торғаев, Мәжіліс депутаты:

Атырау облысында жылқы малының өлім-жітімі бар. Ол да неден шығып отыр? Егер ол жақтағы тереңірек қарасақ жергілікті жердегі вет дәрігер мамандардың жоқтығынан, вет лабороториялардың жоқтығынан.

Мәселенің басы жұмыстың көлемі мен жалақының сәйкес келмеуінде. Бір ауылдың емес бірнеше елдімекеннің түлігіне жауапты мамандардың айлығы шайлығынан аспайды. Мәселен Қайрат Тоқтасын 33 жылдан бері мал дәрігері болып жұмыс істейді. Алайда таңдаған мамандығының бейнетінен асып зейнетіне жете алмай келеді.

Қайрат Тоқтасын, Балапанов ауылдық округының мал дәрігері:

Жетіспеушілік болады ғой енді. Қазір бәрі қымбаттап жатыр деген сияқты. 60 Процентке көбейтеміз деп жатыр ғой. Қазіргі таңда соған біз қуанып жүрміз енді.

Анаргүл Нұрғалиева, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылдық округінің вет меңгерушісі:

Жалақымыз енді осы жылдан бастап 21 процентке өсірілді ғой. Әлі де өседі деп жатыр. Үміт күтудеміз енді. Малмен жүру қора қораны аралап жүру оңай емес.

Мәселеге былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев өзі араласып, мал дәрігерлерінің жалақысын көтеруді тапсырды. Ресми дерек бойынша 33 пайызға өскен. Алайда, бұл әлі де аздық етіп тұр. Оның үстіне ветеринарлар тікелей ауыл шаруашылығы министрлігіне емес жергілікті әкімдіктерге де жалтақтайтын көрінеді.

Ербол Қарашөкеев, Ауыл шаруашылығы министрі:

Былтырғы жылы Президеннттің жолдамасынан кейін хаттарды бәрін жазып әрбір әкіммен өзім сөйлескем. Енді жергілікті әкімшіліктің бюджетінің мүмкіншілігі әр қалай. Бір жақта 30 процент бір жақта 60 проценттен көтеріп жатыр.

Енді барлығының жалақысын орта есеппен 60 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал, еңбек демалысына шықса екі сыйақы төленеді. Ақылы қызмет көрсетіп қосымша табыс табуына да болады. Алайда, жүргізіліп жатқан реформаның да кем тұстары көп көрінеді.

Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты:

Реформаны желеу етіп, мал дәрігерлерінің еңбек ақысын көтеру үшін олардың арасында қысқарту жүріп жатыр. Реформа міндетті түрде қысқарту деген теріс ойдан аулақ болу керек.

Қазір салаға сұраныс жоқ. Маман тапшы. Ел бойынша 810 кадр қажет. Нәпақасын түліктен тауып отырған қарапайым тұрғындар бос орындарға ақша табуды мақсат еткен азаматтар емес білікті мамандар келсе екен дейді.

Әбілтай Бейсеков, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының тұрғыны:

Кеше облыс әкімі келгенде де осы мәселе көтерілді. Сұраныс болды. Жаңағындай маман керек деген. Тәжірибесі бар кәдімгі дұрыс қарайтын.

90 жылдары Алматы және Семей қалаларында Республикаға қажет мал дәрігерлерін дайындайтын институт болған.

Зейнолла Тоқаев, Ветеринария ғылымдарының докторы:

Тек қана мал дәрігерлері 225 жыл сайын дайындайтынбыз. Оны жоспарлайтын. Оны әр облысқа бөліп беретінбіз дә әр облыс өзі жіберетін. Біреудің денсаулығына байланысты, біреуі зейнетке кетеді. Көшіп қонады. Солардың барлығын олар талдап, жылдық міне осынша адам керек деп сол жоспарға енгізіп, соны мүлтіксіз орындайтын 225ті 95 жылы 40 адамға түсіріп тастады.

Қазір институттар жабылған. Тек факультет ретінде жұмыс істеп тұр.

Айнұр Қойгелдинова, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті ветеренария және агроменеджмент факультетінің деканы:

Мал дәрігері мамандықтарын, ауыл шаруашылығы мамандықтарын дайындау қазақстанда 6-7 жоғары оқу орнында ғана дайындайды. Кейбір ЖОО ашылған мамандықтар бар. Бірақ Қазақстанда нақты 6-7 жерде ғана дайындалады.

Мемлекет маман тапшылығымен күресу үшін салаға грант санын көбейткен. Былтыр 875 талапкерді тегін оқытамыз деп грант бөлген. Алайда, жастардың тегін болса да келгісі жоқ.

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Білім және ғылыми вице-министрі:

Өкінішке орай нәтижесі бойынша жыл сайын бұл гранттар неосвоение болып жатыр. Балалар бұл мамандыққа бармайды. 60 процентке дейін бұл гранттар балалар бармай қалып қалады.

Онсызда қатары жетіспей жүргенде жүктемелері де реттелмеген. Мысалы, бір ауылда мыңғырған мал болса, енді басқа жерде санаулы саулық.

Еркін Есілбаев, Көкшетау қалалық ветеринария станциясының директоры:

Жұмыс ауыр. Мұнда нақты таңертең 9 да келіп 6 да кететін емес. Орысшалап айтқанда ненормированный жұмыс. Жұмыс өте ауыр. Сондықтан шығар жастар келмейтіні.

Алдағы бірнеше жылда мәселе шешілмесе мал дәрігерін шаммен іздейтін заман келуі мүмкін деп қауіптенеді мамандар.

Еркін Есілбаев, Көкшетау қалалық ветеринария станциясының директоры:

Мына қазір істеп жатқан жігіттердің өзі 57-58 ге келіп қалды. Мен өзім міне пенсияға жақындадым. Ең біріншіт проблема осы жастардың осы оқуға, осы салаға келуінде болып тұр. Бұлардан кейін кім келетіні...

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазір мал ауруы жыл санап көбейіп келеді. Ресми статистикаға сенсек Бруцеллез – 2%-ға, вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахит – 113%-ға көбейген. Ал сары ауру 5 есе, сібір жарасы 6 есе өсіпті. Жалпы әлемде адам мен жануарға ортақ 150 ауру түрі бар. Оның 127-і Қазақстанда тіркелген. 4 түлікті осы аурулардан толық емдемей адам денсаулығы қауіпсіз деңгейде деуге де келмейді. Дәрігер адамды, ал, мал дәрігері адамзатты емдейді деген сөз осының дәлелі.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу