Алматы облысынан Жетісу облысы бөлініп шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысынан Жетісу облысы бөлініп шығады

10.04.2022

Алматы облысынан Жетісу облысы бөлініп шығады. 1997 жылы біріккен екі өңір өз еншісін қайта алып, бірінің орталығы Қапшағай, екіншісі Талдықорған болып қайта түлемек. Қазір құзырлы органдар есеп-қисабын жасап, арнайы комиссия жұмысқа кірісіп кетті. Облыс бөлінеді дегенді естіген ел-жұрт тағы да сол мемлекет басшысының шекаралы аймақтарды нығайту мәселесін алға тартып, аудандарды да бөлу керек екенін жиі айта бастады.

Дәл осы Алматы облысында шекара шебіндегі Кеген мен Райымбек аудандарының бөлінгенін мысал еткен Үйгентас өңірінің халқы да, Алакөл ауданынан шығып, Үйгентас немесе Қабанбай ауданы болып құрылсақ деп отыр. 

Қызылқайың ауылы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал бұрыңғы Үйгентас ауданының орталығы Қабанбай ауылынан елу шақырым. Халықтың барыс-келісі, жүріп-тұрысы қиын. Әмбе аудан бөлінгеннен кейін халық жапа тармағай қалаға көшіп, жұмыссыздық көбейіп, көптеген ғимараттар қаңырап қалды.

Бекен Мұқанов, Қызылқайың ауылының тұрғыны:

Мектебіміз болған. 624 орындық. Қазір сол 624 орындық мектепте 140 шақты ғана бала оқиды. Үлкен сауда орталығы болған, 12 адам жұмыс жасайтын. Ол жабылып қалды. 140 орындық балабақша болған. Ол жабылып қалды. Мәдениет үйі болған, салынып жатқан. Совхоз тарап кеткеннен кейін, біздің аудан тарап кеткеннен кейін салынбай қалды да, қазір енді құрып кетті. Салынбай құрып кетті.

Дәл осындай көрініс Көлбай ауылында да бар. 1200 орындық мектепте не бәрі 240 бала оқиды. Жұмыс іздеген ауыл халқы қалаға көшті. Қалған жұрт өз күнін өзі көріп жатыр. Аудан қайта құрылса халық қайтып, жағдай оңалар ма деген үмітте.

Сәрсенбек Жұмағалиев, Көлбай ауылдық ақасқалдар кеңесінің төрағасы:

Шекаралық аудандарды орнына қайтадан келтіру, сосын тұрып жатқан елдің хал-ахуалын көтеру ол үшін халықтың жағдайын көтеру мәселесіне келген кезде біздің Үйгентас ауданы өзіне жеке статус алатын болса, жағдайымыз түзелер ме деген ойдамыз. Сол мәселені көтеріп жатырмыз, шама келгенше. Президентіміз бізді қолдайды деп ойлаймыз.

Бұрынғы Үйгентас ауданының орталығы Қабанбай ауылы болатын. Елді-мекенде барлық әлеуметтік нысандар сақталған. Тұрмысқа қажет мекемелердің де іргесі бүтін. Аудандық ауруханаға былтыр қомақты қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Бұрын жасалмаған операциялар қолға алынып, ем іздеген ел-жұрт жан-жақтан келе бастады.

Сәуле Шынжалинова, Теректі ауылының тұрғыны:

Бәрі Үшаралға, Талдықорғанға шамалары жоқ барып ем алуға. Осы жерде өте керемет. Осы жерде мен қалаймын район болсын деп.

Жақсыбай Қайранов, Қоғалы ауылының тұрғыны:

2018 жылы аттан құлап аяғымыды сындырып, келіп аяғымды жасатқам, салғызғам. 4 жыл өтті, әдейі іздеп, Қоғалыдан 400 км мына кісіге келдім, квотамен. Бұл кісі әйбат дәрігер. Аяғымды жақсы салып берді. Әдейілеп тұрып іздеп келдім.

Үйгентас ауданы болып тұрғанда халық саны 47 мыңға жеткен. Қазір 23 мың төңірегінде. Негізгі бағыты ауыл шаруашылығы. Орталығы Қабанбай ауылы болатын. Елді-мекен негізгі келбетін сақтап қалған. Бірақ қазіргі аудан орталығы Үшарал қаласына барып қайтудың өзі әжептеуір шығын дейді, жергілікті ағайын.

Болатбек Қапсалямов Алматы облысының құрметті азаматы:

Қандай да бір қағаз жасау үшін аудан орталығына бару керек. Көрінген қағазға барып келу керек. Барып келуі бір адамға осы Қабанбайдан барып келу 4 мың кетеді. Ары бері. Ал енді анау Лепсі, жаңағы Үшбұлақ, Дзержин жақтан 10 мың керек. Сонда ең жоқ дегенде бір қағаз жасау үшін бітпейді ол. Ең жоқ дегенде екі үш бару керек.

25 жылда Қабанбай ауылының тұрғындары да екі есе азайды. Тұрғын үйлер де қаңырап бос қалды.

Қабанбай ауылында дәл осындай 10 шақты көп қабатты тұрғын үй қаңырап бос тұр. Әр қайсысында кемінде 10-15 пәтерден бар. Егер күрделі жөндеу жүргізіп қолданысқа беретін болса, 100-ге жуық отбасыны баспанамен қамтуға болады.

Дегенмен берісі Талдықорған, арысы Алматы көшіп кеткен жұрт туған жерлеріне орала да бастады. Әшім ауылының тумасы Салтанат Оспанова бірнеше жыл бұрын Алматыдан көшіп келді. Үй салды, туған ауылын түлетуге білек сыбана кірісіп кетті. Бір әттеңайы 40 шақты түтіні бар Әшімде не ұялы байланыс, не ғаламтор жоқ. Жастар сондықтан да келмей жатыр деген болжамы бар. Аудан қайта құрылса жырақта жүрген жұрт та қайта келетініне кәміл сенеді.

Салтанат Оспанова Әшім ауылының тұрғыны:

Аудан ашылса, сол жастар жұмыс болса, қызмет болса ауылға қайтар едік. Сыртта жүргенімен ауылды сағынамыз деп. Осы жерде бәрінің ниеті бар ауылға келетін. Бірақ енді біздің ауылда ешқандай инфраструктура жоқ болып тұр. Телефон жоқ. Сотовый связь ұстамайды. Интернет жоқ. Біз тоғыз жолдың торабында тұрған ауылмыз. Шекара аймағындағы ауылмыз. Бізде Жыланды округі өзіміздің орталықтан ары қарай шекара 20 километр.

Аграрлы өңірдің табиғаты да қолайлы. Топырағы құнарлы, шөбі де шүйгін. Шыбық қадасаң тал өседі, дейді жергілікті тұрғындар. Сиверс алмасының негізгі қоры осы жерде. Демек бал өндіруге де болады. Туризмді дамытуға да мүмкіндік мол. Ал таудағы Тентек, Лепсі, Ағынықатты өзендері су электр станцияларын салуға ыңғайлы.

Қайыржан Абдрахманов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Энергетикалық қауіпсіздігімізді де қамтамасыз етуге, соған үлесімізді қосуға мына Тентек өзендеріне салынатын ГЭС-тердің жобалары жасалып салынатын болса, ол дұрыс болар еді. Әмбе ол біздің суармалы жерлерді тиімді қолдануға септігін тигізетін еді.

Бұрыңғы Үйгентас ауданының елді-мекендері өгей баланың күнін кешуде. Бюджеттен бөлінетін қаражаттан қағылып, әлеуметтік мәселелердің шешілуінде кенже қалып келеді, дейді тұрғындар. Бір ғана мысал. Ақжар ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункт пен мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. 1976 жылы салынған білім шаңырағында жылу мардымсыз. Еден, терезелері ескірген. Спорт залы мен мәжіліс залы жылудан мүлдем ажыратылған.

Кенжегүл Тұрымбекова, Ақжар ауылының тұрғыны:

Мектеп өте суық. Мінеки 4 жылдан асты пенсияға шыққаныма. Әнеу күні барсам әлі минус 8 градуста балалар отыр. Ондай мектепте 2013 жылы шатыры жабылды. Содан кейін мектепте ешқандай күрделі жөндеу болған жоқ. Сондықтан сол мектепті күрделі жөндеуден өткізуді сұраймын.

1997 жылы Алматы облысында Үйгентастан бөлек тағы бірнеше аудан біріктірілді. Атап айтсақ Ақсуға Қапал, Сарқанға Бөрлітөбе, Кербұлаққа Гвардия аудандары қосылды. Ал Талдықорған облысы Алматы облысымен бірікті. Енді еншісін алып, қайтадан Жетісу облысы болып құрылмақ. Қазіргі таңда 17 аудан мен үш қаланың қай облыстың аумағында қалары нақты емес. Бір нұсқада сол бұрыңғы Талдықорған облысы құрамында болған аудандар қалады делінсе, енді бір нұсқада Кеген мен Райымбек аудандары Жетісу құрамына енеді деген болжам бар. Десе де қазір арнайы комиссия жұмысқа кірісіп кетті. Облыстық мәслихат депуаттары да Президент ұсынысын қолдап, бір ауыздан дауыс берді.

Қанат Бозымбаев, Алматы облысының әкімі:

Алматы облысын бөлу одан ары әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерінің таусылуына байланысты емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу үшін, яғни облыстың 1 миллионнан астам тұрғыны тұратын Алматы агломерациясын дамыту үшін жүргізіледі.

Болашақ Жетісу облысы үміт пен күдік ортасында тұр. Себебі өндірістің басым бөлігі Алматы облысында қалып барады. Салықтың да үлкен қоржыны осы аймақта. Ал Жетісу таза ауылшаруашылығымен қалмақ. Егін егіп, мал баққан қазақ үшін таңсық емес кәсіп, әрине. Жетісулық ағайын көппен көрген ұлы той деп өздерін жұбатып отыр. Өңір қарыштап дамиды деген үміт те жоқ емес.

Қуаныш Қанатұлы, Самат Оразалинов

Хабарламаларға жазылу