Бірде дауыл, бірде жауын. Бұл аптада да Қазақстанның бірнеше аймағы тасқын сумен күресті. Күннің күрт жылынуы тұрғындарды әбігерге салды. Ауылдарды су басып, жолдарды шайды. Кей өңірлердің көктемгі тасқынға дайын емес екені көрініп қалды. Бұл бізде жыл сайын қайталанып отыратын әдетке айналғандай. Павлодарда су басу қаупі бар мекендер тізіменен сызып тастаған ауылға су кірсе, Қарағандыда еріген қар суы көшелерге жайылып, көпқабатты тұрғын үйлерді су басты. Тіпті Елорданың іргесіндегі Қоянды, Ильинка сияқты елді-мекендердің халқы да, судың астында қалдық деп біздің арнаға хабарласқан еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елде 10 шақырымға жуық өзен арналары қайта құрылып, қорғаныс бекеттері салынған. Қазір жағдай бірқалыпты.
Қарағандыда көпқабатты үйлерді су басып, салдарынан электр желілерінен ақау шықты. Еріген қар суының құрсауында қалған 3 көпқабатты 3 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Қала көшелерін жайылған қар суы тұрғындарды әбігерге салды. Себебі, коммуналдық қызмет мамандары бөгет салғанмен, ағын су бұзып өтіп үйлердің жертөлесіне кірген.
Павлодар облысындағы Рождественка ауылында 30-ға тарта үйге қызыл су кіріп кетті. Күн күрт жылығандықтан ауылдың оң қапталындағы сайға су толып, шеткі үйлерге қарай ағылған. Облыстық департамент қызметкерлері мен жергілікті әкімшілік тарапынан құрылған арнайы топ қар суын басқа бағытқа бұру үшін әрекет жасап жатыр.
Су тасқынының салдарынан Қостанай облысындағы 300 тұрғыны бар Қабырға ауылына қатынас үзілді. Даладан ағып келген еріген қар суы аудан орталығын Қабырға ауылымен байланыстыратын күре жолды бірнеше жерден бұзған. Тіпті, ауыр техниканың өзі өте алмайды. Тасқын судың салдарынан облысқа қарасты өзге де бағыттарға қатынас қиындады.
Соңғы күндері тасқынның қарқыны бәсеңдеді. Су деңгейі төмендегендіктен бұған дейін жабылған Әулиекөл-Жалдама, Торғай – Ақшығанақ бағытында қозғалыс қалпына келтірілді. Алайда Аманкелді-Қабырға, Арқалық – Ашутасты бағытында әлі қатынас жоқ.
Азамат Орымбаев, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Бүкіл қырдың қары еріп бітті. Қазір енді өзендердің қозғалысы басталды, 4-5 күн ішінде өзендердің суы өтеді. Егер су деңгейі көтеріліп, апаттық жағдай туындап жатса, біз апаттық құтқару жұмыстарын жүргізуге толық дайынбыз.
Алыс шалғай аймақты қойып, елорда іргесіндегі Қараөткел, Қоянды ауылының көшелерін де су басты. Салдарынан бірнеше үй су астында қалудың аз-ақ алдында тұр. Мына үйге тұрғындар өз күшімен бөгет салмағанда жағдайдың қалай болатыны белгісіз еді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Үй маңын жайлаған қар суы мынадай кәріз жүйесін толтырып тастаған. Дәл қазір мына ағын су араласып жатыр деуге болады. Салдарынан үйдегі дәретхана толып, қалдықтары үйге жайылған.
30 мың тұрғыны бар Қаратөткелдегі көп үйдің жағдайы осы.
Айнұр Қаңтарбаева, Қараөткел ауылының тұрғыны:
3 балам бар. Оның үстіне көп көшелерде тас жол жоқ. Сабаққа бару қиын. Батпақ-батпақ болып келеді. Қыс бойы бірде бір рет қар шығарылған жоқ.
Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері су сору жұмыстарына кіріскен. Алайда үлгерер емес. Ағын судың ауыл, аулаларға жайылу себебі – қар уақытында шығарылған жоқ, - дейді тұрғындар
Азамат Мұқышев, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
Енді үлгермеуіміз бір жағынан қаражат, бір жағынан конкурс деген бар, тендер деген бар ол тендерлардың мысалы ол конкурстар 1 жарым ай жүреді.
Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында да жағдай мәз емес. Бірнеше көшені су басқан. Жаяу жүргіншілерді былай қойғанда көлікпен жүрудің өзі қиямет қайым. Сәуір болмай, тәуір болмас. Айдың алғашқы аптасы ел тұрғындарын әбігерге салғанымен қазір жағдай тұрақталып келеді. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері күні-түні дамыл тапқан жоқ. Дегенмен, қауіп толық сейілген жоқ. Кей өңірлерде топан су тұтқиылдан келді. Мәселен, Павлодардағы Рождественка ауылы су басу мүмкін 35 аймақтың қатарында жоқ еді. Осыған байланысты өңірде су басу қаупі бар аймақтар картасы қайта әзірленетін болды.
Раушан Сайлауқызы