Батыс Қазақстан облысындағы Жақсыбай ауылында 97 үй суға кеткен
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында арнайы комиссия тасқыннан келген шығынды есептеуге кірісті. Ауылда 97 үйді су басты. Газ құбыры, электр желісіне зақым келіп, 17 үй жылусыз, жарықсыз қалды. Қазір инфрақұрылым қалпына келтіріліп жатыр.
Ардақ Мұратқызы, тілші:Мінекей, 650 шақырымды артқа тастап, Жақсыбай ауылына келдік. Бес күн бұрын бұл жерді белден келетін су басты деуге келмейді. Көп жер құрғап қалған. Ауылда 1500-дей адам тұрады. Тасқын кезінде олардың 600-ден астамы көшірілген. Соның тең жартысы - балалар. Олар мына мектеп пен балабақшаға орналыстырылған.
Қазір көшірілген 300 адамның тек 30-ы ғана мына балабақшада қалған. Біз мына судан өтіп, олардың жағдайын білейік.
Осы жерде 5 отбасы тұрып жатыр дейді. Қазір мына бөлмеде кім бар екен, қарап көрелік. Саламатсыз ба, апа! Қалдеріңіз қалай? Ұлттық арна тілшілеріміз. Жағдайларыңыз жақсы ма? Осында орналасқан екенсіздер, иә?
Алтынғаным, Жақсыбай ауылының тұрғыны:Иә, бізді осында әкеп орналастырды. Біз енді ауыр жағдайға тап болып, 2-сінен 3-іне қараған түні су тасқыны болды. Өте аянышты үйіміз. Өмір бойғы баспанамыз. Сондай қиын жағдайға тап болдық. Енді қазір аядай бөлмеде сыйысып отырмыз енді. Бәріне де көнеміз ғой.
Альфия қарақұлова, Жақсыбай ауылының тұрғыны:Түннің бір уағы, тас қараңғы. Шулаған адам. Соның барлығын жеткізген осы ауылдың шекарашы жігіттері мен ауыл азаматтары болмағанда, қорғанатын мектебіміз болмағанда, біз шындығында да сол күні суға кететін едік.
Әміржан Қарақұлов, Жақсыбай ауылының тұрғыны:Жарамсыз тұруға. Барлығы аудан әкімі, басшылар келіп, тексеріп қарап жатыр. Мына еденді көтеріп жіберді су. Содан ішке кіріп тұр.Тасқын судың қатты нөпірмен келгені соншалық, мына газ тіреуіштерін құлатып, құбырды майыстырған. Салдарынан 17 үй жылусыз қалған. Қазір мамандар құбырды қалпына келтіріп жатыр.
Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:Электр қуатының 3 бағанасы құлады. Оны барлық абоненттерге электр жарығы берілді. Газ құбырының екеуі үзіп түсіріп, 17 абонент газсыз қалған еді. Кеше-бүгін қалпына келтірілді. Арнайы мамандарды әкеліп, үйлерге техникалық-сараптама жасауды бастадық.
Мынау ауылды екі бөлетін сай. Ағын су мына жаяу көпірді де бұзып өткен. Тіпті темір тіреуішін де морт сындырған.
Анаргүл Нұрғалиева, Жақсыбай ауылдық ветеринария қосынының меңгерушісі:Мына өлген түлікті біз мал моласына апарып, өртеп, көміп тастаймыз. Мал шығынын әлі есептеп жатырмыз. Дегенмен, ұсақ мүйізді мал - 85, ірі қара мал - 35-33, сол шамасында. Әлі анықталып жатыр.
Зардап шеккен отбасыларға аудандық бюджеттен 150 мың теңге көлемінде бір реттік көмек берілмек. Оралдан азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек жетті. Су басқанда бір киерімен далаға шыққан жұрт балаларына киім-кешек сұрайды. Бірақ басты мәселе - баспана. Жарамсыз үйдің орнына жаңасын салуға көмек берілсе екен дейді жақсыбайлықтар.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы