Оралдықтар «Қала әкімі кетсін!» деген петицияға қол жинап жатыр. Көп себептің бірі – қармен бірге асфальттың да еріп, жолдың шұрық тесік күйге түсуі. Шаһарда шұңқырды өрнектаспен жамап қойған көшелер де бар. Ал әкім-қаралар оны «қалыпты құбылыс, әлемдік практика» дейді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Мына жолдың ой-шұңқырынан көлік түгілі, адам аяғын сындырады. Көшенің нашарлығынан қашқан жүргізушілер тротуарды да жол қылып алыпты. Ондай көшелер қала ішінде өте көп.
Құбайдолла Күзембаев, қала тұрғыны:
Жол жаман. Салық қайда кетіп жатыр? Жүру мүмкін емес. Көлік салығын алып тастау керек. Жолды қашан дұрыстайды, сол кезде төлейміз. Күрделі жөндеу керек.
Ақылбек Төреев, қала тұрғыны:
Шыны керек, ақшаны аямай Германиядан шақырып жасау керек. 3-5 есе қымбат болғанымен, 10-20 жыл тұрады.
Бұл көшелердің арасында 20 жыл бойы жөні түзу жөндеу көрмегендері де бар.
Таңғалған жұртқа жергілікті билік «күн жылынғаннан кейін тасты алып, жолды жөндейміз» деп уәде берді. Ал шұңқыры көп жолда темір тұлпарын тоздырып, төзімді жүргізушілер Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бөлім басшысына айыппұл арқалатқан.
Оралдың ең басты көшелерінің бірі – Шолохов арқылы тәулігіне 15 мыңнан астам көлік өтеді. Ал Әбілқайыр хан даңғылында 11 бағытта қоғамдық көлік қатынайды.
Асхат Құлбаев, қала әкімінің орынбасары:
Әбілқайыр хан даңғылын орташа жөндеудің жобасы дайын. Конкурс жарияланды. 2 айда мердігерді анықтап, маусымда жұмысты бастаймыз. Ал Шолоховтың шұңқырларын бітейміз. Қайта қалпына келтіру құжаттамасы бар. Жоба құны 4,2 млрд теңге. Жол қазіргідей 3 емес, 6 жолақты болады.
«Былтыр салынған жолдың биыл тозып кетуінің бір себебі – битумның сапасыздығы», – дейді жолға жауаптылар. Қолданыстағы заңға сәйкес жол салғанда тек елімізде шығарылатын құрылыс материалын қолдану керек.
Жандос Дүйсенғалиев, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Ақтауға барып алып келеді. Бірақ битумның сапасы нашар. Ал Ресей битумының сапасы өте жоғары және арзан. Сонымен қатар елімізде битум шығаратын компаниялардың саны да аз, бар болғаны 2-3. Сол үшін бізде бәсекелестік жоқ. Осы мәселені жоғарыға ескертіп, айтып жатырмыз.
Биыл қалада 18 көшені 9 млрд теңгеге жөндеу жоспарланып отыр. Ал ағымдағы жөндеуге 300 млн теңге қаражат қаралған.
Ардақ Мұратқызы