Брюссельде НАТО-ның сыртқы істер министрлері Украина мәселесіне қатысты кездесу өткізіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде НАТО-ның сыртқы істер министрлері Украина мәселесіне қатысты кездесу өткізіп жатыр

07.04.2022

Брюссельде НАТО-ның сыртқы істер министрлері Украина мәселесіне қатысты кездесу өткізіп жатыр. АҚШ Ресейге жаңа санкциялар енгізді. Тізімде Президент Владимир Путиннің екі қызы бар. Кремль мұны сынға алды. Ал Украина әскері Донбасстағы шешуші шайқасқа дайындалып жатыр.

Санкция күшейеді. Еуропа елдері Ресейге қарсы қысымды күшейтпек

Бельгияда НАТО-ның сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Отырыста талқыланатын тақырып - Украинаға қолдау көрсету жолдары және Ресейге қарсы санкцияларды күшейту. Әскери одақ отырысына және бұған дейін өткен "Үлкен Жетілік" елдерінің кездесуіне Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба қатысты.

Дмитрий Кулеба, Украина сыртқы істер министрі:

Күн тәртібінде тұрған мәселе өте қарапайым. Ол - қару-жарақ және де қару-жарақ. Путинге, Ресей әскеріне қарсы тұру үшін Украинаға қолдау білдірудің ең жақсы жолы оны қажетті қару-жарақпен қамтамасыз ету деп білем. Бүгінде қару бейбітшілік үшін қызмет етеді.

АҚШ жаңа санкциялар жариялады

Бұған дейін Құрама Штаттар Ресейдің банктері мен элитасына қарсы санкциялардың жаңа пакетін жариялады. Және де америкалықтардың Ресейге инвестиция құюына тыйым салынып отыр. Шектеуге іліккендердің ішінде Ресейдегі банктік активтерінің үштен бірін иеленіп отырған «Сбербанк» және «Альфа-банк» бар. Олардың АҚШ-тағы қызметі толық бұғатталмақ. Сонымен қатар, Вашингтон Украинаның Буча қаласындағы қырғын үшін президент Владимир Путиннің екі қызы – Катерина мен Марияға да санкция жариялады. Тізімде сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың да әйелі мен қызы бар. Ал Кремль болса, Вашингтонның бұл шешімін сынға алды. Оған жауап беретінін ескертті. Бұған қоса, отбасы мүшелеріне санкция салу шешімін түсінуге қиын деп мәлімдеді. АҚШ-тың Украинаға әскери көмек беруін де құптамады.

Дмитрий Песков:

Украинаға қару-жарақ жеткізу және әскери көмек беру шешімі Ресей-Украина келіссөзінің сәтті өтуіне ықпал етпейді. Әрине, оның кері әсері болады.

Армия шығыста шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр

Украинадағы ахуалға тоқталар болсақ, армия елдің индустриалдық шығысы – Донбасста шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр. Сол үшін жергілікті үкімет Луганск, Донецк облыстарының тұрғындарын уақыт оздырмай тезірек көшуге шақырды. Президент Владимир Зеленский ескерткендей, Ресей әскері шығыста қайта топтасып, шабуылға дайындалып жатыр. АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Мәскеу Украинаның Киев және Чернигов облыстарындағы 24 мың жауынгерін толық әкетіп, оларды Беларуське, Ресейге жіберіп, қайта жабдықтап, жаңадан ұйымдастырғаннан кейін Донбассқа жөнелтпек. Мұндағы Луганск облысының 90 пайызы, Донецкінің жартысынан астамы - Мәскеу мен оған жақтас көтерілісшілер бақылауында.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу