Былтырғы қуаңшылықтың салдарын қайталамас үшін қазірден бастап әзірлік шараларын жүргізу маңызды. Осы мақсатта Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 200 мың тонна көлемінде астық сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілісте 3 жылға арналған бюджет туралы заң жобасын таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі мәлімдеді. Жиында депутаттар ел қазынасы қандай маңызды бағыттарға жұмсалатынын саралады.
Былтыр өңірлерде болған құрғақшылық үлкен сабақ болды. Жем-шөп қорын қалыптастыру үшін Ұлттық қордан 20 млрд теңге бөлінеді. Ал сатып алынатын астық мал және құс шаруашылығына үлкен сеп болуы тиіс. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Татьяна Савельева, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Жоспарды Үкімет мақұлдады. Ол сапалы, қауіпсіз тауарлардың нақты экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға, оның ішінде әлеуметтік нан мен жұмыртқаны субсидиялауға 139 млрд теңге қарастырылған. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемін 70-тен 140 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр.
Бюджетке Ұлттық қордан 1 трлн 636 млрд теңге бөлінеді. Қаржының басым бөлігі Президенттің қаңтардан бергі тапсырмаларын жүзеге асыруға жұмсалады. Күш құрылымдарының қауқарын күшейтуге 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қаңтар оқиғасының салдарын жоюға 31 млрд, Алматы мен өзге өңірлерде зардап шеккен шағын және орта бизнеске 21 млрд теңге қарастырылған. Биыл кәсіпкерлерді қолдауға 45 млрд теңге жұмсалады. Оның 24 млрд-ы бүгінге дейін Үкімет резервінен бөлініп қойған. Депутаттар ендігі кезекте қомақты қаржының жұмсалуын қатаң бақылауда ұстаймыз деп отыр. Сонымен қатар, салық базасын ұлғайту арқылы бюджеттің бүйірін толтыру тетіктерін қарастыру қажет.
Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Салықтық жүктемені қайта қарау керек. Өзіңіз білесіз бізде кіші тау кендері көп салық төлейді де, үлкен ірі тау кендеріндегі кәсіпкерлер аз салық төлеп отыр. Біз бұл мәселені қайта қарауыммыз керек. Ол біріншіден. Екіншіден жаппай кәсіпкерлікті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу.
Қаржы министрілігі биыл кіріс көлемі 10,2 трлн теңгеге дейін өседі деп отыр. Бұл да кедендік-салықтық әкімшілендіруді жақсарту тетіктерімен тікелей байланысты. Бензин мен дизель отынының акцизін көтеруді көздейтін түзетулер енгізілген. Осының аясында Павлодар, Атырау облыстары мен Шымкент қаласынан 161 млрд теңгеден астам салық түсуі тиіс. Осылайша бюджеттің түсімдері 1,1 трлн теңгеге артады.
Дарын Сағитов