Теңіз мұнай кен орнынан 4 жарым мың адам жұмыстан қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз мұнай кен орнынан 4 жарым мың адам жұмыстан қысқарды

07.04.2022

Қазір мамандар зауытта тәжірибесі толысқан білікті мамандарды өзге салаға бағыттап жатыр. Ал, бос қалғандары қайда барады? Оларға кім жұмыс ұсынбақ? Тілшіміз Жандос Темірғали өндіріс орнына барып, тараптарды тыңдап қайтқан еді.

Қайдардың Теңіз кенішіндегі еңбек өтілі 17 жылға жуықтаған. Орал қаласынан қатынап істейді. Қазір ол компания жанынан ашылған оқу орталығында көшбасшылықтың қыр-сырын меңгеріп жүр. Жұмыстан қысқарған жағдайда жаңа мамандығы арқылы кез-келген кәсіпорынға кедергісіз орналаса алады.

Кеніш басшылығы сұранысқа ие кадр дайындау мақсатында қызметкерлеріне арнап жаңа бағдарлама әзірлеген. Қазір Ақтау мен Атырауда зауыт жұмысшыларына арналған 5 оқу орталығы бар. Ол жерде біліктілік сертификаты беріледі. Осы арқылы, өзге қызметке жол ашылады. Бүгінге дейін 17 мыңға жуық адам өндіріске қажет ондаған мамандық бойынша білімін жетілдіріпті.

Бас-аяғы 39 мың адам кезең-кезеңімен жұмыстан босатылады. Өткен жылы 2 мыңдай, ал биыл, 2 жарым мыңнан астам қызметкер шығарылды. 30 пайызы жергілікті тұрғын. Оның 129-ы ресми түрде өзге мекемеге орналасты. 172-сі жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем алып отыр.

Жүз мыңға жуық жұмысшының күші жұмсалған жаңа зауыттың құрылысы 90 пайызға аяқталды. Іске қосылғаннан кейін қара алтын игеру көлемі Теңізде 39 млн тоннаға жетпек.

Болат Рахметуллин, құрылыс басшысының орынбасары:
Covid жағдайына қарамастан біздер бүкіл модульдарымызды әкеліп үлгердік. Модульдар Кореядан келеді. Көріп тұрған көптеген құрылғылар өзіміздің Қазақстанда Ақтау қаласындағы Каспий теңізі арқылы келіп, құрастырылды. Сол арқылы жұмыстарымыз уақытында бітіп жатыр.
Жандос Темірғали, тілші:
Мына кешенді зауыттың жүрегі десек болады. Өйткені мұнда өндірілген мұнай өңделіп, сұрыпталады. Кейін арнайы модульдер арқылы дайын шикізат майқазанына құйылады. Қазір мұнда жұмыс қызып жатыр. Құрылыс басында 700-ден астам жұмысшы жүр.

Жаңа зауыт келер жылы тапсырылады деп жоспарланған. Толық іске қосылғаннан кейін 800-ден астам адам тұрақты еңбекпен қамтылады. Жұмыстан босайтын 39 мың қызметкердің 7 мыңы компанияның өзге жобаларында қалмақ.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу