Әлемдік экономикалық ахаул отандық дәрі-дәрмек нарығына да әсер етіп жатыр. Қазір препараттардың бағасы қымбаттап, тапшылық орын алады деген болжам да жоқ емес. Алайда, жауапты министрлік дәрі-дәрмектің бағасы бақылауда деп отыр. Нарықтағы соңғы өзгерістерді Дарын Сағитов көріп қайтты.
6 мың түрлі дәрінің шартты бағасы бекітілген
Дарын Сағитов, тілші:
Дәріхана қызметкерлерінің айтуынша, соңғы бір айда дәрі-дәрмектердің бағасы 10-15 пайызға өскен. Бұған әлемдік ахуал да әсер етуі мүмкін. Бір айта кетерлігі, еліміздегі препараттардың 80 пайызы шет елдерден тасымалданады.
Дәрі қымбаттағанмен, олар министрлік бекіткен шекті бағадан асқан жоқ. Мұны ведомство өкілдері де, дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын кәсіпкерлер де растап отыр.
Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріхана иелері қауымдастығының жетекшісі:
Өйткені біз оны жіті қараймыз. Асырмаймыз, өзіміз пайда көрмесек те дәрі-дәрмектің бағасы тағы да өсуі мүмкін. Ешкім нақты айта алмайды ғой. Бірақ біздің есебіміз бойынша 20 пайыздан аспайды ол.
Министрлік ел бойынша 6 мыңнан астам дәрі-дәрмекке шекті баға бекітеді. Оны жылына 2 рет өзгеріп отырады. Комитет өкілдері дәрі тапшылығы болмайды деп сендіоіп отыр. Еліміздің 8 өңірінде арнайы тұрақтандыру қоры жасақталған. Онда 5 млрд теңгенің препараттары сақталған. Сонымен қатар, 9 аймақтағы көтерме сауда қоймаларында сұранысқа ие дәрілердің қосымша қоры бар.
Әсия Молдиманова, ҚР ДСМ комитет департаментінің бөлім басшысы:
Дәрілік заттар қымбаттады деген ұғым дұрыс емес. Және ол қымбаттамайды да. Егер шекті бағадан қымбаттап кетсе, ол дәріхананың иесіне 130 АЕК бойынша жазаға тартылады, айыппұл салынады.
Жеткізушілер үшін қайта конкурс жарияланады
Дәрі-дәрмек мәселесі бүгін Мәжілісте көтерілді. Денсаулық сақтау министрі биылға қажет дәрілердің 94 пайызын сатып алдық деп отыр. Айта кетейік, отандық фарм-өндіріс кейбір құрамдық бөлшектер мен логистика бойынша да импортқа тәуелді. Мәселен, Украинадан бізге 25 түрлі дәрі-дәрмек тасымалданады. Орын алған жағдайға орай, енді бұл дәрілер біздің нарыққа жеткізілмейді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Жалпы көлемнің 1,6 пайызы Украинадан әкелінеді. Жыл басынан бері соның 40-тан 70 пайызына дейін жеткіздік. Бүгінде зауыттар жабық тұр. Сондықтан біржақты негізде келісімшарттарды тоқтатамыз. Қалған көлем бойынша қайтадан конкурс жариялаймыз. Бұл жұмыстарды 1 шілдеге дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Қазақстанға дәрі импорттаушы негізгі елдер Германия, Ресей, Үндістан, Франция, Швейцария мен Италия. Украинадан жеткізлетін препараттар енді осы елдерден тасымалдануы мүмкін. Бұған қоса қазір министрлік ел аумағынан дәрі-дәрмек пен медициналық препараттарды шығармаудың тетіктерін де қарастырып жатыр.
Дарын Сағитов