Басты Жаңалықтар Алматыда тұрғындар үй маңындағы ақылы тұраққа наразы

Алматыда тұрғындар үй маңындағы ақылы тұраққа наразы

Алматыда ақылы автотұрақтардың саны екі есеге дейін артпақ. Жауапты компания жылдың соңына дейін тұрақ орындарының санын 18 мыңнан 30 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда тұрғын үйлердің маңындағы көлік орындарының ақылы болуы көпшіліктің наразылығын тудырып отыр.

Қуан Нұрақын, тілші:

Мен қазір Радостовца көшесіндегі тұрғын үйлердің маңында тұрмын. Осы аумақтағы тұрақтар алдағы күндері ақылы жүйеге көшпек. Қазір ақылы екенін көрсететін белгілер ілінетін бағаналар орнатылып қойған.

Жарты ғасырдан аса уақыт бұрын салынған бұл үйлердің ауласында көлік қоятын орын қарастырылмаған. Сондықтан көлік иелері амалсыздан көше бойына қояды. Енді сол орындар үшін ақы төлемек. Тұрғындар бұған наразы.

Темірлан Сейітбеков, қала тұрғыны:

Ақылы тұрақ болатынын алдын ала ескерткен жоқ. Бізбен ешкім келіскен жоқ. Бұл ақылға сыйымсыз. Біз көлігімізді қайда қоямыз? Төле биден Абай даңғылына дейін тек бір базар ғана бар. Басқа ешқандай бизнес және сауда орталықтары жоқ.

Ольга Ольшевская, қала тұрғыны:

Бұл ақылы тұрақтар басынан дұрыс ойластырылмаған. Көп кеңсе мен сауда орталықтарының маңына қойса, келісер едім. Тұрғын үйлердің маңы не үшін ақылы болады? Түсінсем бұйырмасын. 

Тұрғындардың айтуынша, ақылы тұрақтар көлік қозғалысын реттемей, керісінше, қолайсыздық туғызып отыр. Ал жауапты компания бұл шешімді көлік жүктемесінің артуымен түсіндіреді.

Талант Тайнов, «Almaty Parking» компаниясы директорының орынбасары:

«Саламат» сауда үйі мен 9 қабатты бизнес орталық орналасқан. Ол жерде 100-ден аса жеке кәсіп субьектісі бар. Және Радостовца көшесінде академиялық театр орналасқан. Мектеп-балабақша сияқты көптеген қоғамдық ұйым бар.

Базардан алыс көшелердің не қатысы бар деген тұрғындар компанияның бұл уәжімен келіспейді. Енді бес көшенің тұрғындары қарсылық петициясын жариялап, қол жинауды бастап кеткен. 


Бөлісу