Басты Жаңалықтар Ішімдікке тәуелді жандардың қатары азаймай тұр

Ішімдікке тәуелді жандардың қатары азаймай тұр

Қазақстанда спирттік ішімдіктерге тәуелді 100 мыңға жуық адам тіркелген. Ең үлкені 67 жаста болса, ең кішісі 13-те. Елімізде оларға медициналық және психологиялық көмек көрсететін 20-дан астам емдеу мекемесі жұмыс істеп тұр. Петропавл қаласындағы психикалық денсаулық орталығына әріптесім Эльмира Кәленова барып қайтқан еді.

Рауза Жүсіпова жағымсыз әдет тәуелділікке ұласқанын аңдамай қалғанын айтады. 2019 жылы арнайы орталықта емделіп шыққан. Алайда араға уақыт салып, ішімдіктің шырмауына қайта түскен. Жасы 54-те, бала-шағасы бар.

Рауза Жүсіпова, емделуші:

2-3 жұма ішсем, сосын 3-4 ай ішпеймін. Әдеттегідей жұмыс істеймін. Мен өз еркіммен келдім. Менімен психолог жұмыс істеуде. Өзімді қолыма алып, ішпеймін деп шештім.

Мирас Бимақов алғаш рет есірткінің дәмін 15 жасында татқан. Бір сәттік ләззат бүкіл өмірінің күл-талқанын шығарды. Ұрлық, бұзақылық жасап, бірнеше рет істі болған. Дәрігерлердің көмегінің арқасында есірткіге тәуелділіктен арылғанын айтады.

Мирас Бимақов, емделуші:

Үстімдегі соңғы киіміме дейін саттым. Жақындарымның бәріне өтірік айтатынмын. Үйленіп, балалы болдым. Тұрмыс құрғанда әйелім есірткіні тастайтыныма сенімді еді. Бірақ қоя алмадым. Ажырасып кеттік. Анамнан басқа бәрі менен теріс айналды. Басқа амалым қалмаған соң, осында келдім.

Елімізде есірткіге тәуелді 18 мыңға жуық адам тіркелген. Мамандар пікірінше, алкоголь пен психотроптық заттарға әуестік ерте жастан, бала тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан сәттен басталатын мәселе.

Галина Андреева, Психикалық денсаулық орталығы бөлімінің меңгерушісі:

Отбасында берілген тәрбиеге сай, баланың ойында психобелсенді заттарды қолдануға болады деген пікір қалыптасады. Кез келген адам еңбек етіп, оның нәтижесін көргенде рахаттанады. Ал психикалық белсенді заттарды тұтынатындар қиналмай және тап осы сәтте ләззат алғысы келеді.

Дәрігерлердің айуынша, емделіп, орталыққа қайта көмек сұрап келетіндер аз емес. Жылдар бойы дендеген дерттен арылу үшін қыруар қаржы, ұзақ уақыт, тынымсыз еңбек пен табандылық керек. Тәнді емдеу жеткіліксіз – адамның болмысы өзгеруі тиіс.


Бөлісу