Мариупольде 160 мың тұрғын су, азық-түлік, дәрі-дәрмексіз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мариупольде 160 мың тұрғын су, азық-түлік, дәрі-дәрмексіз қалған

06.04.2022

Украинаның Донбасынан мыңдаған адам елдің батысына кетіп жатыр. Өйткені солтүстіктегі аудандардан ығыстырылған ресейлік күштер Украинаның шығысына ойыса бастады.

Киевтің мәлімдеуінше, олар Украина күштерін қоршап, Донецк пен Луганск облыстарын толықтай бақылауға алуды көздейді. Донбассқа кіретін және шығатын жолдардағы бақылау-өткізу пунктерінде Украина сарбаздары тұр. Олар қорғануға дайындалып жатыр. Соңғы деректерге сай, Мариупольде қиянкесі ұрыс жүріп жатыр. Мұнда 160 мың тұрғын су, азық-түлік, дәрі-дәрмексіз қалған.

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Украинадағы әскери қақтығысқа қатысты дерек келтірді. Оған сай, бүгін елдің бірқатар елдімекенінде жанар-жағармай сақтайтын 5 база жойылып, 24 әскери нысанға соққы берілген.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу