НАТО-ның мәлімдеуінше, Ресей Украинаны басып алу әрекетінен бас тартқан жоқ. Бар күш-жігерін Донбассқа жұмсап жатыр. Солтүстік альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Батыс елдері Украина қарулы күштеріне әскери көмекті ұлғайтатынын мәлімдеді. Бұл жәрдем қандай көлемде болатынын НАТО-ның сыртқы істер министрлері талқылап жатыр.
Ал Буча мэрі Анатолий Федоруктың сөзінше, Ресей әскері қаланы басып алу кезінде 320 бейбіт тұрғынды мерт қылған.
Айта кетсек, Мәскеу бұл оқиғаға Ресей күштерінің қатысы жоқ деп отыр. Ал Буча мэрі Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қалаға келіп, болған оқиғаны өз көзімен көруге шақырды. «Рейтердің» тағы бір мәліметіне сай, Киев түбінде Ресей әскерінен азат етілген тағы бір қала Бородянкада 200 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Оқиға орнына барған шетелдік журналистердің сөзінше, қаладағы ғимараттар жермен-жексен болып, инфрақұрылымы істен шыққан. Халықаралық көші-қон ұйымының дерегінше, Украинадағы әскери қақтығыстан 11 миллионнан аса адам үйлерін тастап кеткен. Олардың 4 миллионы басқа елдерге бас сауғалауға мәжбүр.
Арай Төлегенқызы