Батыс Қазақстан облысындағы 7 аудан су тасқынымен арпалысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысындағы 7 аудан су тасқынымен арпалысуда

04.04.2022

Батыс Қазақстан облысындағы 7 аудан су тасқынымен арпалысуда. Табиғи апатпен күреске облыс резервінен 1,4 млрд теңге қарастырылған. Деркөл, Утва, Шаған өзендерінде су деңгейі 50 сантиметрден 2 метрге дейін көтерілді. Бұл жағдай Тасқала мен Бөрлі аудандарына қауіп төндіріп тұр. Орал қаласының аумағындағы өзендер деңгейі де қатаң бақылауға алынды. Ал 99 үй суға кеткен Жәнібек ауданында су деңгейі түсті. Ауылдан екі жүкті әйел «ҚазАвиаҚұтқару» тікұшағымен қалаға жеткізілді. Ал Қаратөбе ауылында Қалдығайты өзені тасып, тасжолды шайып өтті. Атырау облысынан келген құтқарушылар Жәнібекте, ал Маңғыстау облысынан келген көмек Тасқала ауданында тасқынның алдын алуда. Бұған қоса, өңірде зардап шеккендерге көмек ретінде «Ақжайық» қоры құрылып, «Аманат» партиясының жанынан арнайы есепшот ашылды. Облыстық еріктілер штабы жасақталды.

Ернұр Өтегенов. облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы:
Тасқала, Бәйтерек аудандарында қар бар. Сол қардың әсерінен Деркөл өзенінде судың деңгейі көтерілуде. Тасқала бойынша қауіпті деңгей 1 метрдің үстінде бар. Белес гидропостында 2 метрдің үстінде су бар.
Тілепберген Каюпов, облыс әкімінің орынбасары:
Облыстық бюджеттің ішкі резерві 1,4 млрд теңгені құрап отыр, яғни бұл – қолданыстағы заңға сәйкес бекітілген сумма. Сонымен қатар аудандық деңгейде, Орал қаласының ішкі резервінде 500 млн-ға жуық қаражат бекітілген. Үкімет тұрғындарға, өз бауырларымызға көмектесуден ешқашан қашпайды.

Ардақ Мұратқызы, Қайырбек Ерболатұлы 

Хабарламаларға жазылу