Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар жолды еріген қар суы шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар жолды еріген қар суы шайып кетті

02.04.2022


Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жолдың бір бөлігін еріген қар суы шайып кетті. Салдарынан қозғалыс уақытша тоқтады. 

Жақсыбек Кемал, тілші:
Кеше кешкілік тасыған су Жарлы ауылы маңындағы жолды жырып кеткен еді. Трассаның астына төселген су өткізу құбыры талапқа сай салынбаған деген болжам бар. Полицейлер тұрғындарға бұл бағытта сапарға шықпауға кеңес береді. Дегенмен, бүгін жол толықтай қалпына келтіріліп, автокөліктердің барлық түріне жүруге рұқсат етілді. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің басшылығы трассаның бұл бөлігіндегі құбырлар жуырда қайта ауыстырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ бүгін Мәртөк ауданының Байнасай аулына баратын көтерме жолды да су шайып кетті. Ал, Жарқамыс аулында Жем өзеніне екі көлік суға батты. Вахтаға бара жатқан 20 жұмысшы құтқарылды. 

Ақтөбеліктер еріген қар суымен үшінші тәулік алысып жатыр. Әсіресе, жаңадан бой көтерген аудандарда суға кетіп жатқан аулалар көп. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазірге дейін 30-дан астам үйге су кірген. Сондай-ақ 20 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 1500-ге жуық маман мен 745 техника шаһардың 9 ауданында су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адамдарды уақытша орналастыруға арналған 84 орын дайындалды.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу