Арыққа құлап кеткен оқушының жағдайы жақсы - Ақтөбе қаласының әкімі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыққа құлап кеткен оқушының жағдайы жақсы - Ақтөбе қаласының әкімі

01.04.2022

Ақтөбеде арыққа құлап ажал құша жаздаған оқушыға қатысты тың деректер белгілі болды. Жасөспірім «Батыс-2» ауданында орналасқан фитнес клубтың алдындағы орға құлап кеткен еді.

Көшеге жайылған ағын судан, тереңдігі бір жарым метр болатын суағар көрінбей қалған. Судың екпіні қатты болғаны соншалық, қыз баланы құбыр ішіне тартып кете жаздады. Абырой болғанда ол бір қолымен құбырдың ернеуінен ұстап үлгерген. Оны суды бөгеп жүрген фитнес клуб мамандары құтқарып қалды. Судан жасөспірімнің тек басы ғана шығып жатқан. Баланың денсаулығы жақсы. Бүгін оқыс оқиға болған жердің суы тазартылып, бақылауға алынды.

Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:
Оқиға бойынша ата-аналарымен сөйлесіп отырмыз. Таңертең кіріп шығайын деп едім, бірақ жағдайы жақсы деп ата-анасы айтты. Анасы дәрігер, жағдайын қарап отыр. Қазіргі таңда денсаулығына қауіп жоқ.

Алексей Ступенко, фитнес клуб қызметкері:
Мына жерде бір әйел ымдап, көмекке шақырып тұрды. Баланың басы ғана шығып жатқанын байқап, жүгіріп келдік. Алайда бірден шығару мүмкін болмады. Күзетші мен тағы да адамдар келді. Ішке кіргізіп, құрғақ киім бердік, мамандарымыз көмектесті.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу