Astana Hub-та тіркелген компаниялар жасырын майнингпен айналысқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Astana Hub-та тіркелген компаниялар жасырын майнингпен айналысқан

31.03.2022

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына ауқымды аудит жүргізген Есеп комитеті осындай былықты әшкере етті. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл фирмалардың көлеңкелі жолмен криптовалюта өндіргенін білмеген. .

Досжан Маратұлы, тілші:
Елімізді цифрландырып, түрлі IT жобаларды дамыту үшін, ауқымды бағдарламалар әзірленіп, бюджеттен миллиардтар бөлінгені мәлім. Соның әр тиынын тексерген Есеп комитеті қаржының мақсатсыз, тиімсіз жұмсалған тұстарын анықтап отыр.

Яғни Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қажетті деңгейде бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан  Astana Hub халықаралық орталығына заңсыз майнингпен айналысатын 5 бірдей фирма кіріп кеткен. Көлеңкелі кәсіппен айналысқаны былай тұрсын, тіпті олар салықтық жеңілдіктер секілді түрлі қолдауға ие болып келген.

Ақылбай Ыбыраев, ҚР Есеп комитеті мемлекеттік аудит жүргізу бөлімінің басшысы: 
Олардың бәрі «Astana Hub» ұйымының базасында 8,5 млрд теңгенің преференцияларын алған. Оның ішінде салық жеңілдіктері, кеңсе жалдау сияқты басқа да стартап жобаларға берілетін қолдауға ие болған. Қолданыстағы заңнама бойынша олардың бұл әрекетін заңсыз деп айтуға келмейді. Заңнаманың ескерусіз қалған тұсын пайдаланған деуге болады. Сондықтан біз бүгін осы олқылықты реттейтін заңнамалық өзгеріс енгізу мәселесін ұсынып отырмыз.

Яғни майнигпен айналысқан компаниялар Astana Hub технопаркінде IT фирма ретінде тіркелген. Және өздерін ақпараттық талдаумен айналысамыз деген. Бірақ қулығына құрық бойламайтындар заңсыз криптовалюта өндіріп келген. Қазір барлық құжат құзырлы органдарға берілді. Бұл іске солар құқықтық баға беріп, шара қолдануы тиіс. Ал мұндай жағдай қайталанбас үшін Astana Hub-қа тіркелу ережесіне өзгерістер енгізіп, бақылауды күшейту мәселесі қаралып жатыр.


Хабарламаларға жазылу