Қазір девальвация емес, керісінше ревальвация жүріп жатыр - Министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазір девальвация емес, керісінше ревальвация жүріп жатыр - Министр

29.03.2022

Теңге тұрақталып, нығайып келеді. Ұлттық экономика министрінің айтуынша қазір девальвация емес, керісінше ревальвация жүріп жатыр. Мәселен бүгін төл ақшамыз долларға шаққанда бірден 10 теңгеге нығайды. Қазір америкалық көк қағаз 473 теңге 60 тиын тұрады. Ал ақша айырбастау орындарында 461-467 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ Әлібек Қуантыров бюджетке түзетулер енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Өйткені қазынада доллар бағамы 425 теңге, ал мұнай баррелі 60 доллар шамасында болады деген болжаммен есептелген. Қазір қаржы нарығындағы ахуал мүлдем басқа. Мұнай қымбаттады. Сол үшін бюджеттегі миллиардтардың есеп-қисабын қайта калькуляторға салу керек, - дейді министр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі: 
Біріншіден – бюджетте қарастырылған мұнай бағасын қайта қараймыз. Өздеріңіз білесіздер қазір қара алтын құны өсті. Сондай-ақ инфляцияға қатысты болжамды да өзгерту керек. Бұған дейін ол 4-6 пайыз шамасында болады деп есептелген. Бюджеттің осындай негізгі параметрлері белгілі болғанда қосымша мәлімет береміз. 


Хабарламаларға жазылу