Еліміз бойынша 28 дәрігер коронавирус жұқтырған

03.04.2020

Коронавирус жұқтырған 12 науқастың жағдайы ауыр. Ал біреуінің халі тіпті нашар. Мұны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Бұған қоса, 28 дәрігерідң осы дертке тап болғанын жеткізді. Олар карантин енгізілген медициналық мекемелерде жұқтырған. Қазір эпидемиологиялық тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал ел бойынша 13 467 адам коронавирус дертіне шалдыққандармен байланыста болған. 13 025-і анықталып олар үй карантиніне алынды. 442 адам шетелге шығып кетіпті. Жалпы бұл жаңа вирус өкпенің жұмысын төмендететіндіктен, жағдайы ауыр науқастар жасанды апаратқа қосылады.

Дегенмен жағымды жаңалық та жоқ емес. Карантин шаралары күшейгеннен кейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда коронавирус инфекциясының жаппай таралу деңгейі біршама төмендеген. Мәселен, бұған дейін Алматыда күніне вирус жұқтырған 8 адам анықталса, соңғы күндері екеуден болып тұр. Елжан Біртанов екі шаһардағы карантин шараларының тағы күшейтілетінін айтты. Ал өңірлерде керісінше, індетті жұқтырғандар саны өсіп келеді. Сондықтан оларға да біртіндеп карантин енгізу керек екенін айтты министр.

Сәуле АЛДАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу