Семейде қазір сайлау науқаны ойдағыдай жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде қазір сайлау науқаны ойдағыдай жүріп жатыр

09.06.2019

Осы сағаттарда еліміздің барлық сайлау учаскелерінде саяси науқанның нағыз қызған шағы. Тұрғындардың дені дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Бізбен қазір тікелей байланысқа Семейдегі меншікті тілшіміз Ержан Жақып шыққалы тұр. Ержан, өңірдегі саяси науқан қалай жүріп жатыр?

Рахмет, Армангүл! Семейде де қазір сайлау науқаны ойдағыдай жүріп жатыр. Таң ата ашылған учаскелерге келіп, өз таңдауын жасап жатқан адамдардың көптігі байқалып тұр. Біз қазір қаладағы № 206 –шы сайлау учаскесінде тұрмыз. Бұл учаске жаңадан ашылғандығын айта кету керек. Жалпы Семей өңірі бойынша, ауылдық округтерді қоса есептегенде сайлаушылардың саны — 293 мың 310. Олардың 11 мың 517-і тұңғыш рет дауыс беріп тұрған жастар. Бүгін дауыс беруге ең алғаш бірінші болып келгендерге сыйлықтар таратылып, әр жерде шағын концерттік бағдарламалар да ұйымдастырылған. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы болуы үшін, бүгін қалада барлық қоғамдық көлікте жүру — тегін. Менің жанымда қазір №206сайлау учаскесінің төрайымы Гүлназ Серікқалиқызы тұр.

Гүлназ Серікқалиқызы, сайлау науқаны қалай өтіп жатыр. Тұрғындардың белсенділігі қалай?

Гүлназ Дәлелова, №206 сайлау учаскесінің төрайымы:

Жалпы 206 сайлау учаскесінде 2211 адам сайлауға қатысу құқығы бойынша тізімге ілінген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйге дауыс беруге өтініш білдіргені — 30. Жалпы біз таңертеңгі сағат 7-ден, қазіргі уақытқа дейін 50 пайыздық көрсеткішті көрсеттік. Өйткені, тұрғындар өте жақсы белсенділік танытуда.

Еліміз үшін өте маңызды саяси науқанның Семейдегі барысын біз алдағы уақытта тағы хабарлап, эфирге шығып отыруға тырысамыз.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу