Қостанай облысында 80-нен астам түлік қырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 80-нен астам түлік қырылды

28.03.2022

Қостанай облысының Сарыкөл ауданында белгісіз індет тарап мал қырылып жатыр. Бір ғана Тәгіл ауылында жарты айда өлген қой-ешкі мен сиырдың саны 80-нен асты. Әзірге төрт түліктің нақты қандай ауруға шалдыққаны белгісіз. Ветеринар мамандардың кеңесімен жасаған ем-шара еш нәтиже бермей отыр.
Руслан Мәденовтың 15 ірі қарасы бар. Бір отбасы соның еті мен сүтін сатып күнелтіп отыр. Кенеттен келген кесел оның қорасындағы түлікке түгел жұқты. Қазір сиырларының бәрі ауырып тұр. Шығын болғаны да бар. Үй иесі енді бар малымнан айрылам ба деп алаңдаулы.

Руслан Мәденов, Тәгіл ауылының тұрғыны:

Мына сиыр 18 наурыздан бастап шөп жеуден қалды. Арықтап, терісі сүйегіне жабысып тұр. 7 бұзауым бар еді, соның төртеуі өлді. Айтқан дәрісімен егіп жатырмыз. Бірақ одан түк пайда жоқ. Әрі қарай не болары белгісіз.
Тәгіл ауылында мал өлімі алғаш рет 16 наруызда тіркеліпті. Содан бері белгісіз індеттен қырылған түліктің саны 80-нен асқан. Өлім-жітім аудан орталығында да тіркелген. Тұрғындардың айтуынша аурудың белгілері аусылға ұқсас. Қалай болғанда мұның жұқпалы кесел екеніне жұрттың көзі жетіп отыр.

Жансұлтан Дәндібаев, Тәгіл ауылының тұрғыны:

21-де екеу ауырып қалған. Шөп те жемеген. Сосын ветеринар жолдасымды шақырып қаратып едім, ауру жұқтырған мал деді. Сосын тағы біреуі ауырды. Сонымен барлығы 14 бас ауырып қалды.
«Мамандар жедел қимылдаса белгісіз кеселдің жаппай таралуының алдын алуға болар еді» -дейді тұрғындар. Қазан айында ауыл маңындағы шаруа қожалығына індет тигенде мал дәрігерлері нақты шара қолданбаған. Қазіргі ахуалға байланысты да тек сынама алумен шектеліп отыр.

Мадияр Мереке, Облыстық ветеринария басқармасының бас маманы:

Бүгін біз екі қара малдың патологиялық материалын алып кетеміз. Оны облыстық лабораторияға жібереміз. Ол сол жақтан Астанаға НРЦВ-ға зерттеуге жіберіледі. Нәтижесі екі аптаның ішінде болуы керек.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Ветеринарлар елордадан сынама нәтижесін күтіп жүргенде ауру асқынып барады. Індеттен қырылған малға өтемақы төлену төленбеуі де беймәлім. Материал эфирге дайындалып жатқанда ауылда енді үй құстарының да өле бастағаны туралы хабар келді.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу