Украина-Ресей келіссөзі сейсенбіде Түркияда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина-Ресей келіссөзі сейсенбіде Түркияда өтеді

28.03.2022

Украина-Ресей келіссөзі ертең Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді. Ал Украинада бүгін гуманитарлық дәліздер жабылды. Киев мектептері болса, бүгіннен бастап онлайн оқыту режимімен қайта ашылды.

Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді. Кремль өкілі Дмитрий Песков бетпе-бет кездесудің жалғасуы маңызды екенін атап өтті. Ал, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса, Президент Владимир Путин Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден бас тартқан жоқ деп мәлімдеді.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

Президент Путин Президент Зеленскиймен кездесуге қарсымын деп айтқан емес. Кездесу болмас бұрын негізгі мәселелерді айқындап, нақтылап алу міндет.

Бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский ресейлік тәуелсіз журналистерге берген сұхбатында елінің бейтараптық мәртебесін талқылауға дайын екенін айтты. Дегенмен, Президенттің ескертуінше, Украинаның нейтралитеті туралы мәселе халықаралық референдумға салынып, оған үшінші жақтан кепілдік берілуі керек.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Қауіпсіздік кепілдігі, бейтараптық және мемлекетіміздің ядролық емес статусы. Біз оған баруға дайынбыз. Бұл Ресей Федерациясы талап еткен ең бірінші пункт болатын. Және де олар соғысты осы үшін бастады.

Украинадағы ахуалға тоқталар болсақ, бүгін мұнда гуманитарлық дәліздер ашылмады. Украина барлаушылары Ресей әскері жағынан қандай да бір арандатушылық әрекет болуы мүмкін деген ақпарат алған. Осыған орай Украина үкіметі тұрғындарды Мариуполь, Сумы қалалары мен Киев сыртындағы қалашықтар мен елді мекендердегі қауіпсіз дәліздер арқылы эвакуациялауды тоқтатты. Ал Киевте бүгіннен бастап мектептер оқушыларға қашықтан білім беру үшін қайта ашылып, балалар жеңілдетілген бағдарламамен оқиды. Украина бас прокуратурасының мәліметінше, Ресей әскері басып кіргелі, елде 143 бала қаза тауып, 216-сы жараланған. БҰҰ болса, украиналық балалардың тең жартысы әскери қақтығыс салдарынан босқынға айналғанын мәлімдеп отыр. Аталған ұйымның тағы бір дерегіне сай, Украинада 1100 бейбіт тұрғын қаза тауып, 10 миллионнан астам адам босқынға айналған. Ал, Киев Экономика мектебінің зерттеуіне қарағанда, қарулы қақтығыстардан Украина инфрақұрылымына 63 миллиард доллар шығын келген.

Харковь тұрғыны:

Бұл азаматтық нысан, мектеп. Көшелерді ала алмағасын, мектептерді құртуға кіріскен. Бұл - барып тұрған қатыгездік. Мектептен, балалардан қандай жамандық көрді?

Ал әлемнің бірқатар елінде Украинаны қолдауға арналған шерулер өтті. Акцияларға Ұлыбритания, Испания, Чехия, АҚШ тәрізді елдердің мыңдаған тұрғыны қатысқан.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу