Петропавлда апат болған жылу электр орталығының қазіргі жағдайы толық зерделенеді. Мұржаның не себепті құлағаны арнайы сараптамадан кейін белгілі болмақ. Соңғы ақпаратты өңірдегі тілшіміз Эльмира Кәленовадан білейік. Эльмира, жылу жүйесі қалпына келтірілді ме?
Апаттан кейін жұмысы тоқтатылған жылу қазандықтары біртіндеп іске қосылуда. Қалада тұтастай жылу бар. Апат болған аймақ әлі қатаң бақылауда. Себебі, әлі қауіп сейілген жоқ. Үйінділерді тазартып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 20 наурыз күні алып үш мұржаның бірі құлаған болатын. Төтенше оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, кәсіпорынның директоры мен бас инженері қамауға алынды. Оқиға орнында қазір Павлодар мен Өскеменнен келген мамандар жұмыс істеп жатыр. Апаттың себеп салдары әлі белгісіз.
Александр Клебанов, «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
Неге мұндай жағдай болғанын сараптама анықтайды. Оның өткізілуін Әділет министрлігі қадағалайды. Жалпы кәсіпорынның қазіргі жағдайына жан-жақты баға беріледі. Осы мұржаларды жөндейміз бе, жаңасын салу керек пе? Уақыт оздырмай шешім қабылдау қажет.
Бетон үйіндісінің астында қалып қойған жұмысшының денесін құтқарушылар екі тәуліктен кейін ғана тапты. Іздестіру жұмыстарына басқа өңірлерден мамандар шақыртылды. 38 жастағы әйел жылу орталығында машинист болып істеген. Марқұмның отбасына материалдық көмек беріледі.
Эльмира Кәленова