Наурыз мерекесі қарсаңында Президент жарлығымен еліміздің бір топ азаматы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың арасында әлеуметтік-экономикалық, мәдени, денсаулық, бизнес, спорт, ғылым саласының дамуына үлес қосқан майталмандар бар. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көрсеткен көмегі үшін еріктілер де марапаттан тыс қалмады.
Ақордаға әр саланың майталмандары күнде жинала бермейді. Саяси элитаның иісі сезілетін ақ сарайдың іші бүгін сән-салтанатқа толы. Бұнда БАҚ өкілдері бас қоспағалы да біраз болған. Елдегі індетке байланысты көп шараның онлайн форматта өткенін сіз бен біз жақсы білеміз. Ал мына қаз-қатар тізілген орден-медальдар жай ғана темір емес, біреудің маңдай тері, еңбегінің жемісі. Президент қолынан марапат алғандар бұл жылтырақ жігер бермесе, жарға итермейді, - дейді.
Мемлекет басшысы алдымен жиынға қатысушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бұл мерекенің тарихы тереңде екенін атап өтті. Президенттің айтуынша қоғамның барлық саласында өзгеріс жасап, елімізді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басу керек. Себебі жаңа Қазақстан абстракты идея емес, келешектің көрінісі. Оны табысты жүзеге асыру ортақ міндет
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір аумалы-төкпелі кезең болып тұр. Геосаяси ахуал күннен күнге ушыға түсуде. Оның салқыны белгілі себептерге байланысты Қазақстанға да тиеді. Бірақ, біз бағдарымыздан айнымай, көздеген мақсатымызға қалайда жетеміз. Сол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, бүгінде әрбір отандасымыз егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосып отырғанына айрақша тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көрсетті.
Илья Жақанов, жазушы:
Азды кемді еңбегімізді ескеріп, осыншама құрмет көрсетудің өзі үлкен бақыт. Халық сізге сенеді. Сіздің осы бір кезде батыл шешім қабылдап, басқа жаққа бұрып жібермей халықты, басымызды қосып отырғанға не жетсін.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жазушы Илья Жақановқа, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін Қазақ тағамтану академиясының Президенті Төрегелді Шармановқа берілді. Ал «Отан» орденімен ақын Светқали Нұржан марапатталды.
Светқали Нұржан, ақын:
Әрине көптің көңілін табу қиын. Жаралы көңілдің күйін табу одан да қиын. Біздің халқымыз кешегі қанды қаңтардан кейін жаралы. Солардың сенімін оятқан, үмітін оятқан Жолдау болды деп есептеймін. Отан біреу, жүрек біреу, жан жалғыз. Сол жалғызды жалғыз хаққа жалғармыз. Ел мен жердің біреуін қи десеңіз. Жалғыз отан, сізді ғана таңдармыз.
Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков пен Нұрлан Оразалинге бірінші дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Үшінші дәрежелі «Барыс» орденін алғандардың қатарында Дәулет Тұрлыханов, Жансейіт Түймебаев бар. «Құрмет» орденіне 94 адам ие болса, 25 «Ерен еңбегі үшін» медалі таратылды. «Шапағат» медаліне 68 волонтер, меценат және басқа да азаматтар ие болды.
Жандарбек Мәлібекұлы, сәулетші, мемлекеттік елтаңбаның авторы:
Мына Жолдаулардағы үлкен мәселелер көтеріп жатқан. Ол біздің мемлекетіміздің, халқымыздың әлеуметтік жағдайын бір белеске көтеріп тастайды деп ойлаймын. Қазақстаным гүлдене берсін, дәулетті де сәулетті елге айналайық.
Дәулет Тұрлыханов, ҚР Күрес федерациясының президенті:
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр өңірінен, әр салада жүрген азаматтарды жинап, марапаттап жатыр. Бұл дегеніміз әр азаматқа, елге, жерге сіңірген еңбегін бағалау деп білем.
Президент елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар деп, бұл іс-шараны осы мейрамға орай өткізу игі дәстүрге айналатынын айтты.
Саламат Омаш