Президенттің Алматы облысын екіге бөлу туралы жаңалығын жетісулықтар ыстық ықыласпен қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Алматы облысын екіге бөлу туралы жаңалығын жетісулықтар ыстық ықыласпен қабылдады

17.03.2022

Президенттің Алматы облысын екіге бөлу туралы жаңалығын жетісулықтар ыстық ықыласпен қабылдады. 1944 жылы құрылған өңір Алматы облысымен бірнеше рет біріктірілді. Енді міне, Жетісу облысы болып өз алдына дербес аймақ ретінде ел тарихына қайта жазылмақ.

Серік Ақымбеков Талдықорған облысын Тәуелсіздік алған жылдары басқарған алғашқы әкім. Етек жеңімізді жиған елең - алаң шақта елдің ахуалы қиын болғанын еске алады ол. Содан бергі отыз жылда мемлекеттің дамуында оң өзгерістер болды. Ал, Президенттің кешегі Жолдаудағы бастамалары тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, тұтас қазақты бірлікке бастайды, дейді ол.

Серік Ақымбеков, Талдықорған облысының әкімі (1991-1993):

Дұрыс деп құптаймын. Алдағы уақытта облыстың экономикасын көтеретін талай-талай жағдайлар бар біздің облыста. Талдықорған облысы жұмылып, сол мәселені бірігіп шешеді деп ойлаймын. Жетісу халқына қандай жарасымды ат беріп отыр Жетісу облысы деген.

Жер жәннаты Жетісу өңірінің өз алдына дербес облыс болатынын естіген жұрттың қуанышында шек жоқ. Көпшілік Президент шешімінен кейін екі өңірдің де өркендейтініне сенімді.

Әміре Әрін, «Жетісу» газетінің бас редакторы:

Халықтың өтінішін жүзеге асыратын, халықтың жай-күйімен санасатын дәуірде, санасатын биліктің жағдайында бұл дұрыс шешім деп есептейміз.

Айдын Кәлімхан, ақын, жазушы:

Бүкіл республика көлемінде ең үлкен облыстардың бірі, жан саны жағынанда. Бұлар енді елдің жаңадан бір жаңғыруының алғы шарты деп есептеймін өз басым.

Аймақ жұртшылғы негізінен Алматының төңірегінде шоғырланған. Ұзынағаштықтар мен талғарлықтарға мәселесін шешу үшін сонау Талдықорғанға сабылуға тура келеді. Енді облыс орталығы Қапашағайға қатынау жеңіл. Ал, Талдықорғанның төңірегінде биылдың өзінде 10-ға жуық кәсіпорын салынбақ. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев бұған дейін журналистермен кездескенде аймақта жүзеге асатын ірі инвестициялық жобаларды тілге тиек еткен болатын.

Қанат Бозымбаев, Алматы облысының әкімі:

Құрылысқа қажетті материалдар өндіретін зауыт, тігін фабрикасын ашу жоспарда бар. Үштөбе қаласынан Силикон шығаратын зауытты жандандыруды жоспарлап отырмыз. Ол жерге инвестор 4 млрд теңге қаржы құйды. 220 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Қазір Талдықорған қаласында баспана құрылысы қарқынды. Биылдың өзінде 1000-нан астам пәтер тапсырылады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу