Құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беріледі

15.03.2022

Қазақстанда ламинат шығаратын кәсіпорындар ашу көзделіп отыр. Осындай құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беріледі. Басты мақсат - импортты алмастырып, отандық өнімнің өрісін кеңейту. Еліміздің құрылыс саласын жергілікті материалдармен қамту үшін алдағы 3 жылда 35 жоба жүзеге асады.

Отандық өндірушілердің арматурасы ішкі нарық үшін жеткіліксіз. Сондықтан болат бұйымдардың бір бөлігі сырттан әкелінеді. Құрылысшылардың айтуынша, құрыш материалдың құны соңғы уақытта қатты өзгерді.
Ғылымхан Бижанов, құрылысшы:
Жаңа жылдың алдында бағасы басқаша болды. 1 тоннасы 400-410 мың теңге болса, қазір бір тоннасы 500-ге дейін барып жатыр.
Қазақстандағы құрылыс материалдарының 55-60 пайызы өзімізде шығарылады. Отандық өнімнің бағасына, электр энергиясының тарифі мен транспорттық шығындар әсер етеді. Шетелден жеткізілетін құрылыс заттары мен жабдықтарының құны да жол шығынына байланысты жиі құбылады. Ресейге салынған санкциялар да құрылыс саласында біраз қиындық туғызды.
Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:
Сырттан келетін құрылыс заттарының бағалары өсіп жатыр. Құрылыстың бағасы өскеннен кейін, шаршы метрдің де бағасы өседі. Мұның бәрі мұқтаж азаматтардың қалтасына әсер береді. Біздің ұсынысымыз – ол бағаны тұрақтандыру. Сондай шаралар мен жаңа бағдарламалар керек.
Импортқа тәуелді болмай, бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет отандық өндірісті дамытуға ден қойып отыр. Құрылыс материалдарын өндіремін деген кәсіпорындарға пайызы төмен несие беріледі. Алдағы 3 жылда жалпы құны 600 млрд теңге болатын 35 жоба жүзеге асыру жоспарланған.
Мұхамед Андақов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы:
Аяқтың астына төсейтін ламинат. Жылу ұстайтын материалдар, керамикалық тақтайшалар, яғни жоғарғы қосылған құны бар материалдарды өндіретін өндірістер. Бөлменің есіктерін де жасайтын кәсіпорындар.
Кейбір экономистер болса, керсінше құрылыс материалдарының бағасы жақында төмендейді деген болжам жасап отыр.
Меруерт Махмұтова, экономист:
Ресейден келетін құрылыс материалдары, керісінше арзандайды. Салынған санкцияларға байланысты, Ресейге экспортқа тауар жіберуге мүмкіншілік жоқ, Қазақстан нарығынан басқа. Олардың тауарлары қазір арзандайды.
Сарапшының болжамы келсе, қазақстандық құрылысшылар материалдан тапшылық көрмейді. Бірақ жағдай қай бағытта өзгеретінін дөп басып айту қиын. Сондықтан ең дұрысы - отандық құрылыс материалдарының өндірісін дамытып, импортқа тәуекелділіктен құтылу.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу