Басты Жаңалықтар Әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын бақылауда ұстамақ

Әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын бақылауда ұстамақ

Жергілікті әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын барынша бақылауда ұстамақ. Ал, бұл тізімдегі 19 тауардан өзгесінің құнын нарық өзі реттейді. Тапқанымыз тамақтан артылмай қалды дейді сұрау салған ағайын. Шарықтаған бағаға кінәлі кім? Кінәрат неден?

Қаңтардағы дүрбелеңнен ел есін енді жиғанда, қымбатшылық кеп қос бүйірден қысты. Халық ең көп тұтынатын ішіп-жемнің дені едәуір өскен. Бүгінгі баға, бұрынғыдан өзгерек.

Жағдайды бағамдауға елордадағы көтерме сауда орындарының біріне бардық.

Дина Тұрғынова, сатушы:

Кейде 10 кейде 15 процент қосылады. Жұрттың бәрі бізге шағым жасайды. Біз не деп айтамыз фирманың бағасы солай. Фирмаға айтсақ бізден емес басқа жақтан әкелеміз сол себептен дейді.

Алмас Әміраев, саудагер:

Ұн кешегі күннен бастап ресми 10 пайызға өсті бағасы. Қант 20 пайыз өсіп кетті. Майлар да сондай боп жатыр. 5 литр өзіне 300 тг қосып тастады. Алдын 2800-ден келген майлар 3100, 3200 боп кетті.

Барыс-келіс қиындап, алыс-беріс шетелдік валютамен болғасын шығын шаш етектен. Сырттан тауарды долларлай алғасын, бағаны қалай қоярымызды долбарлай алмай қалдық, дейді салы суға кеткен саудагерлер.

Ләззат Собханова, саудагер:

Базардың ішіндегі саудагердің бәрі минусқа кіріп кеттік. Енді қайтаратын ақшаның бәрі валютамен, бұл тауарлар бағасы көтеріліп кетті. Халық қалай жейді мысалы. 1 кг мандарин 1000 теңгеге шығып кетті.

Басқасын былай қойғанда бас қалада баға тұрақсыздығын жою үшін кейбір базарлар мен желілік супермаркеттерге арнайы әлеуметтік сөрелер қойылған. Онда 30 мың тонна көлемінде арзан бағадағы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар өнім орналастырылған. Мұндағы бағалар өзге орындарға қарағанда арзан.

Руслан Ыдырысов, Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Мәселен, картошка құны шамамен 95 теңге, пияз 85-89 теңге аралығында, қырыққабатты тоқсан теңгеге ала аласыз. Президенттің тапсырмасынан кейін бағаны барынша қолжетімді етуге әкімдік барын салуда. Біз ірі сауда желілеріне жеңілдетілген қарыз береміз. Олар тиісінше бағаны ұстап тұруға міндетті. Бағаны 15 пайыздан артық көтермеуі тиіс.

Сауда және интеграция министрлігі бағаны ауыздықтау үшін 125 мың тонна көкөніс жеткізуге көршілермен келісімшарт жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ішкі нарықты отандық тауармен қамту үшін жұмыс күшейтілген.


Бөлісу