Алматы облысында екі тәртіп сақшысы мен Ұлттық ұланның бір сарбазы қақтығыс кезінде көз жұмды. 758 адам зардап шекті. Оның ішінде 643-і полиция қызметкері, 78-і әскерилер, 37-сі бейбіт тұрғын. Жаппай тәртіпсіздік кезінде өз өмірлерін қатерге тіккен дәрігерлер де аяусыз соққыға жығылғандарға барынша көмек көрсетуге тырысты.
Кабир Рафиков 5 қаңтар күні күндізгі ауысымға шыққан. Қалалық полиция басқармасы маңында жарақат алғандарға алғашқы көмегін көрсетіп, ауруханаға жеткізіп отырған. Олар мінген жедел жәрдем көлігін бұзақылар аударып тастауға әрекет еткен. Әскерилерге емес, бүлік ұйымдастырғандарға қызмет көрсетілсін деп талап қойған. Аласапыран кезінде көз алдында қайтыс болған Ұлттық ұлан сарбазын ажалдан арашалай алмаған соңғы сәттерді өкінішпен еске алады.
Кабир Рафиков, қалалық жедел жәрдем қызметінің фельдшері:
Сарбаздың жүрегі тоқтай бастағанда адреналин салдық. Қан қысымы төмендеп кеткен. 40 минуттай жігіттің өмірін жалғауға әрекет еттік. Іш құрылысына қан көп кетіп қалған. Денесі көгеріп, ісіне бастады. Сол сәтте адамдар неге қатігез деген қорқыныш пайда болды.
Қаңтар оқиғасы кезінде 70-ке жуық қызметтік көлік қиратылды, өртелді, тоналды. Шығыны 156 млн теңгеден асады. Басым бөлігі тәртіп сақшылары мен Ұлттық ұлан техникасы. Ал облыстың 146 кәсіпкерлік субъектісіне шабуыл жасалды. Олардың жалпы шығыны 4 млрд теңгеге жуық. Осы күнге дейін өңірлік комиссияның 9 отырысы өтіп, кәсіпкерлердің 82,5 млн теңге көлемінде 61 арызы мақұлданды.
Думан Керімбаев, «Атамекен» Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Бәріне консультация беріп жатырмыз. Тездетіп сенім хаттарды өткізіңіз. Қаулыны алып, жәбірленуші деп таныған оны тіркеп, арызды қайтадан беріңіз деді. Енді өңірлік комиссия бас тартқанда кәсіпкер қайтадан құжаттарды толтырып, өткізуге мүмкіндігі бар. Бүлінген нысандар әлі қалпына келтріліп жатыр.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Тек қана Талдықорған қаласындағы 4 ғимаратты бастан аяқ жөндеуге, шамамен, 5,4 млрд теңге қажет. Бұдан бөлек бүлінген, тоналған техника және бар. Құрылыс басқармасының басшылары жазға дейін нысандарды қалпына келтіреміз деп отыр.
Қуаныш Қанатұлы