Басты Жаңалықтар Қаралы қаңтар оқиғасының өткеніне екі айдан астам уақыт өтті

Қаралы қаңтар оқиғасының өткеніне екі айдан астам уақыт өтті

Иә, Қаралы қаңтар оқиғасының өткеніне екі айдан астам уақыт өтіп кетті.

Қаңтар. Елең-алаң шақ. Көпшіліктің санасында үрей мен қорқыныш болған сәттер. Алғашында бейбіт басталған шерулердің соңы жаппай тәртіпсіздіктер мен бүлікке ұласып кететінін ешкім де болжай алған жоқ. Қаңтардың 5, 6 күндері Алматы мен Талдықорған, Тараз бен Шымкент, Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында мұздай қаруланған адамдар әкімдіктер мен құзырлы мекемелердің ғимаратын басып алып, өрт қойды. Елдің мүлігі болып есептелетін мемлекеттің нысандары күлге айналды. Миллиардтаған теңге шығын келді.

Дүрбелең кезінде теріс пиғылды адамдар қалтасын қампайтып қалуды мақсат тұтқандай. Өз еңбегімен кәсібін дөңгелетіп отырған жүздеген бизнесменнің нысандары қиратылып, тоналды. Көліктер ұрланды. Тіпті жедел жәрдем, телеарна, әлеуметтік маңызды нысандарға да шабуыл жасалды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жедел әрекетке көшті. Елдіктің болашағы сынға түскен сәтте жедел шешімдер қабылдап, жағдайды ретке келтіруге тапсырма берді.

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бизнесмендерге қатты шығын келді. Мың жарымнан аса нысан зардеп шегіп, әп-сәтте күнделікті табысынан айырылып қалды.Олардың басым бөлігі дүкендер, ломбардтар, жанармай құю станциялары мен қоғамдық тамақтану орындары. Сондай-ақ аңшылық дүкендер толық тоналған. Зақымдалған немесе жойылған автокөліктер саны да өте көп болды. 765 авто бүлінген. Оның ішінде 551 қызметтік полиция көлігі. Ал 124 автомашина қарапайым тұрғындардың мүлкі еді. Жалпы шығын 88 миллиард теңге болған. Кейбір мәліметтер бойынша бұл сан 100 миллиардтан да асып кеткен.

Иә бұл шығындардың орнын толтырып, қираған ғимараттарды қалыпқа келтірерміз. Бірақ осы тәртіпсіздіктер кезінде қайтыс болған адамдардың орнын толтыра алмаймыз-ау. Анасы баласынан, әйелі жарынан, тіпті тұтас отбасының асыраушысы да көз жұмды. Бас прокуратураның мәліметінше, бұл күндері 225-тен аса адам бақилық болды. 3 мыңнан астам адам түрлі дене жарақаттарын алды. Ал он мыңдаған адамның жанына бұл оқиғалар ұзақ жылдарға жара салып кетті.

Бұл оқиға бойынша құзырлы мекемелердің мәліметі бойынша он мыңдай адам ұсталып, тергелді.

Ал, 10 қаңтар күні тұтас қазақ елі қаза болғандарды еске алып аза тұтты. Көк байрағымыз кезекті мәрте түсірілді.


Бөлісу