Елордада 800-дей жас отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген баспананың кілтін ала алмай жүр. Оларға берілетін жалдамалы пәтерлер желтоқсан айында тапсырылуға тиіс еді. Алайда мерзімінен кешігіп жатыр. Тақырыпты тілші тарқатады.
Анар Қалжігіт үшінші перзентін күтіп жүрген жас ана. Қыстың қақаған суығында шиеттей балаларымен әр үйді паналап келеді. Жарымның тапқан-таянғаны жалдамалы пәтер құнынан аспайды, дейді ол.
Анар Қалжігіт, қала тұрғыны:
Көшіп-қонып жүру қиын. Тіпті екі бала-шағаммен көбісі пәтерге алмайды. Бұрын 120 мың төлейтінбіз. Одан кейін қымбаттатып жіберді. 140 мың төлетіп жатыр. Қайда бартынымызды білмей жатырмыз.
Ал Тоғжан Сәрсенқұл қыс бойы күткен жаңа баспанаға көктем келісімен қол жеткіземін бе деп үміттенген еді. Алайда бұлар қоныстануы тиіс көпқабатты үйдің құрылысы әлі аяқталмаған. Амал жоқ, туыстарының үйін паналауға мәжбүр.
Тоғжан Сәрсенқұл, қала тұрғыны:
Бұл жерде үйді алып отырған 100% жастардың десек пәтерде тұрады. Кейбіреуінің уақтысы өтіп тұр. Келісімшартқа отыру керек. Жастарымызды наурыздың бірінен бастап үйінен шығарып жүргендер бар. Олар қайда барады? Біз жүгіріп жатырмыз.
Бұрыннан қолданыста бар бағдарламаға 29 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Жалдамалы үй басыбайлы берілмейді. Отбасы бес жыл тұрып босатуы тиіс. Осыған дейін пәтер бірнеше рет табысталып келді. Конкурстан өткендер 14 күннің ішінде кілтін алған еді. Ал бұл жолы үш ай кешікті.
Ернар Зинуллаев, қала тұрғыны:
Қаңтар айының сонына беріледі деді. Бірақ өкінішке орай қаңтар айы өтіп кетті. Ақпан айында беріледі деді, әлі берілген жоқ. Қазір енді бірнеше жыл болды. Әр жерде көшіп жүрік қой.
2022 жылғы жоспарға сәйкес 800 отбасы іріктеуден өтті. Оларға Абылай хан, Кенесары және Сембинов көшелерінің бойындағы үйлерден пәтер берілуі тиіс еді. Әкімдік бұл мәселенің ұзаққа созылу себебін былай түсіндірді.
Жасұлан Қожахметов, қалалық құрылыс басқармасының өкілі:
Қазір қыс мезгілі болғандықтан құрылыс жағынан біраз қиындықтар туындап жатыр. Дегенмен біз жұмысты жылдам аяқтауға тырысамыз.
Ал құрылыс компаниясының өкілдері болса үй наурыз айында бітеді деп үміттендіріп қойды.
Құрылыс компаниясының өкілдері тұрғын үйді қолданысқа беруге коммуналдық жүйедегі қиындықтар кедергі деп отыр. Электр желілері мен су құбырлары әлі де тартылмаған. Ал, әкімдік компанияға 30 маусымға дейін уақыт берді. Демек, баспанаға зәру жандардың тағы да 3 ай сарыла күтуден өзге амалы жоқ.
Гүлзада Абылқайыр