Таразда тері өңдейтін кәсіпорын мемлекеттен жәрдем сұрайды. Қой терісін илеп, өңірдегі аяқ киім тігетін зауытты шикізатпен қамтып отырған цехтың өніміне сұраныс зор. Алайда кәсіпкердің шағын өндіріс орнындағы қондырғылары ескі болғандықтан бар мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Өңірдегі тілшіміз Нұрдос Болатұлы тарқатады.
Кемел Әбдуәлиев 25 жылдан бері тері өңдеу ісімен шұғылданып келеді. Кәсіпкердің таза өніміне сұраныс жоғары. Бірақ 50 жыл болған ескі техникамен сапалы өнім шығару мүмкін болмай тұр. Өндірісті арттыру үшін жаңа инновациялық станоктар қажет. Ол үшін мемлекеттен грант бөлінсе дейді кәсіпкер.
Кемел Әбдуәлиев, кәсіпкер:Дәлі қазіргі шығарып отырған станоктар ескі. Мен соны жаңалап, жан-жақтағы сұраныстарды орындасам ба деген ойым бар. Сұраныс өте жоғары. Сырт мемлекеттен де бар. Ішкі өзіміздің нарық та жетіп жатыр негізі. Шикізатқа өте баймыз. Бұл теріден керемет дүниелер жасауға болады.
Кәсіпорында 11 адама жұмыс істейді. Әрқайсының өз міндеті бар. Керімбек Әбілбекұлы осында біраз жылдан бері тері илейді. «Жұмыс ауыр. Қондырғы жасайтын көп жұмысты, қолдың күшіне салуға тура келеді»,- дейді ол.
Керімбек Әбілекұлы, тері өңдеуші:Мен бұл жерде шикі терін алып келемін. Қол бос кезде терілердің сәнін келтіремін. Дұрыстап фабрикаға тері дайындаймын. Суға түседі одан әрі құрғақ цехқа келеді. Одан соң әрлене береді.
Кәсіпорын қойдың терісін илеп дәл мынандай сапалы өнім шығарады. Мұнда күніне шамамен 600 тері өңделеді. Ал түрлі процестерден өткеннен кейін бұл әрі қарай Тараздағы аяқ киім тігетін зауытқа жолданады. Ондағы мамандар бір қойдың терісінен екі аяқ киімнің ішкі жүнін тігеді.
Ал, зауытта жұмыс қызу. Күніне мыңдаған аяқ киім тігіледі. Бірақ, өңделген тері өте қат. Қайта өңдеу саласына айрықша қолдау болмайынша, өндірісті өркендету мүмкін емес дейді мұндағылар.
Шамұхтар Шайнусов, зауыт директорының орынбасары:Менің айтқым келетіні біз аяқ киім тігеміз. Оның ішіндегі терілерді осындай шағын цехтар бізге дайындап береді. Кейде бізде де сол қажет өнім тапшы болады. Сондықтан осы кіші цехтарды мемлекет қолдаса, біздің де аяқ киім өндірісіміз әрі қарай арта түсер еді. Бастысы табиғи сапалы.
Алайда, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер үшін арнайы грант қарастырылмаған болып шықты. 5 миллионға дейінгі қайтарымсыз қаржы жаңа жобаларға ғана беріледі. Тек пайызы төмен несие алып кәсібін кеңейтуге мүмкіндік бар.
Ислам Тұрсынбек, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бас маманы:Егер де кәсіпкерлер өздерінің ісін жаңартқысы келсе, инвестиция жасағысы келетін болса, мемлекет тарапынан ол кісіге кредиттік түрдегі субсидиялар бар. Немесе мемлекет тарапынан кепілдендіру секілді, бағдарламалар бар. Оларға қатыса алады.
Жалпы өңір бойынша өткен жылы 3 мыңнан аса жобаға мемлекеттік бағдарлама арқылы төмен пайызбен несие берілген. 1164 кәсіпкер мүлкін кепілге қойып қаржы алған.
Нұрдос Болатұлы