Алматы облысының Малайсары ауылында қиыршық тас өндіретін зауыт жабылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Малайсары ауылында қиыршық тас өндіретін зауыт жабылмақ

09.03.2022

Алматы облысының Малайсары ауылында қиыршық тас өндіретін зауыт жабылса, 90-ға жуық жұмысшы далада қалмақ. Елді-мекен тамырына қан жүгіртіп отырған жалғыз кәсіпорынның тоқтауына өнімге деген сұраныстың жоқтығы басты себеп.

Зауыт басшылары жұмысшыларға бір айдан соң қысқарту болатынын айтып, ескерту парағын да таратқан. Кәсіпорын тоқтаса 300 ден астам тұрғыны бар ауыл да құлазиды, дейді тұрғындар. Себебі мұндағы халықтың басым бөлігі осы зауытта еңбек етеді.

Бөкенбай Оразбеков, зауыт жұмысшысы:

Зауытымыз жабылатын болса темір жол, бізбен бірге темір жол, мектеп бәрі жабылады. Бұл домино сияқты ғой. Біреуі құласа түгелі құлайды.

Өндіріс орны еліміздегі темір жол бойында қолға алынған ірі жобаларды шикізатпен қамтамасыз етіп келген. Жарты ғасырлық тарихы бар зауыттың жылына 400 мың тонна өнім шығаратын мүмкіндігі бар. Үш түрлі өнім шығаратын кәсіпорын жұмысын жандандыруға тек құрылтайшылары ғана ықпал ете алады, дейді зауыт басшысы.

Самат Ысқақов, зауыт директоры:

Екінші наурыз күні бүкіл жұмысшыларға ескерту бердік. Екінші сәуірден бастап жұмысшылар қысқартылады деген. Біздің орталық аппараттан, басшылықтан қазір компенсация ретінде екі айлық жалақы беріледі.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу