Адам өмірінен қымбат не бар? Украинадан оралған отандастарымыздың кейбіреуімен Алла Гаврина кездескен еді.
Қанат Сүлейменов, қала тұрғыны:
Бірдеңе шиқылдайды, украинша бірдеңе деп жатыр, шық деп... түсінбедім, сосын әріптесім соғыс басталды деп айтты.
Қанат Сүлейменов Киевтегі халықаралық ауыл шаруашылығына байланысты конференцияға барғандардың бірі. Жарылыс басталған алғашқы күні аман қалу үшін қонақүйдің жертөлесінде түнеді.
23 ақпан. Таңғы сағат 5. Максим Буйницкий де бомба жарылысынан оянды. Бірақ үрейге бой алдырмауға тырысты. Отбасын ойлады. Жанында екі кішкентай баласы мен әйелі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол Украинаға техникалық оқуға түсіпті. Отбасын да сол елде құрды. Бейбіт күннің бір-ақ мезетте астаң-кестеңі шығатынына соңына дейін сенбедім дейді.
Максим Буйницкий, Қазақстан азаматы:
Елден кетуге 26-сында бір-ақ шешім қабылдадық. Сөйтіп елшілік ұйымдастырған автобуспен Львов қаласына бардық. Львов тыныш болды. Елшіліктегі Бекзат деген жігітпен үнемі байланыста болдық. Қазақстанға жеткенше құжаттарымызды реттеп, жағдайымызды сұрап, біліп отырды. Өздері эвакуация жұмыстарын толық аяқтамайынша кетпейтінін айтты.
Украинадан Польша арқылы келген қазақстандықтардың бірі - Кәрім Ажикулов. 2014 жылы жұмыс бабымен украин еліне көшкен ол, соғыс басталған күні Львов қаласында болған екен. Киевте қалған отбасын алып кету үшін алдымен 600 шақырымды артқа тастап Украина астанасына барады. Сосын қайтадан батысқа бағыт алып, шекараны асып өтуге асықты. Жол бойы ұзын-сонар кезек, елден кетіп жатқандар көп дейді. Расында халықаралық ұйымдардың да есебінше босқындардың саны 1 миллион 200 мыңнан асып кетті.
Кәрім Ажикулов, Қазақстан азаматы:
Шекараға жеттік-ау дегенде, 15 шақырымдық кептелісті көрдік. Көлігімді досыма қалдырып, жаяу жүріп өтуге шешім қабылдадық. 7 сағатта, әрең дегенде Польшаға өттік.
Қанат Сүлейменов те елге жеткенше асықты. Бірден елшіліктегі қызметкерлермен байланысып, қалай жылжитындарын қадам-қадамымен ақылдасыпты. Сөйтіп, Киевтен Львовқа екі күн жүріп зорға жеткен.
Қазақстан елшілігі ұйымдастырған автобуста 70-тей студент болған. Шекарада ұзын-сонар кезек, кептеліс. Қаладан көлікпен қашып шыққандар көп. 500 шақырымдық жерді 17 сағатта жүрген.
Қанат Сүлейменов, қала тұрғыны:
Тұрамыз ғой бір сағат, екі сағат. Сонда жергілікті адамдар келіп, шайын беріп, кофесін беріп, бульон, тамақ пісіріп. Алдымен әйелдер мен балаларға, кейін ер адамдарға берді.
Отандасымыз Дарханның да шекараға жетуі оңайға соқпады. Украинаның Умань қаласына іссапармен барған ол, нағыз соғысты көргенін айтады. Қала маңындағы әскери қойма жарылып, жойқын болғаны сонша, металл сынықтары қалаға дейін ұшып, тұрғын үйілерге дейін жеткен. Ал Львовқа барарда кенеттен көпірдің күл-талқаны шығады. 7 күндік сапарымда күйінетін де, сүйінетін де сәттер көп болды дейді Дархан.
Дархан Қожанов, Ақсу қаласының тұрғыны:
Үйіме оралдым, елге жеттім. Бала-шағамды көрдім. Әке-шешем қасымда. Шекарадан өту қиын болды. Уманьнан Львов қаласына 550 шақырымды біз 19 сағатта жүрдік.
Әсет Қожанов, Д.Қожановтың әкесі
Үйге аман-есен келгеніне қуандық. 2 ұлым, 3 немерем бар. Шешем бар, 80-нен асып кеткен.
Кәрім Ажикулов, Қазақстан азаматы:
Елге қайту – ең дұрыс шешім болды. Балаларым үшін алаңдадым әуелі. Ата-анам да уайымдап, біздің келгенімізді күтті. Қазір өзім де, отбасым да қауіпсіз жердеміз, өз еліміздеміз. Қалып қойғанымызда жағдай басқаша болар ме еді, кім білсін?!
Максим Буйницкий, Қазақстан азаматы:
Балаларымды тезірек қауіпсіз жерге жеткізгенше асықтым. Осындай кезде өзіңді емес, кейінгі ұрпақтың өмірін ойлайсың. Бар әлемде тыныштық орнасын!
Кәрім Ажикулов, Қазақстан азаматы:
Бастан өткен оқиғадан кейін бейбітшілік өте нәзік екенін түсіндім. Бір-ақ күнде жағдай өзгеріп кетуі мүмкін екен. Әрине, шиеленіс болу қатері туралы қауесеттер жүрді. Бірақ біз оған сенбедік. Ақпанның 23 күні Киев тыныш болды, алаңсыз ұйықтадық.
Жолда қаптаған әскери техникаларды көрген олар, жарылған снарядтардың гүрсілін әлсін-әлсін естігендерін айтады. Польшаның Катовице қаласында өздері үшін дайындалған ұшаққа жеткенде ғана қорқыныш сейіле бастаған. Ал Отанымызға оралғандағы сезім арқа тұсыңды шымырлататын ғажап күймен тең екенін айтты. Біз әңгімелескен азаматтардың бәрі.
Алла Гаврина