«ҚазАвиаҚұтқару» мекемесінде қызмет ететін жетісулық ұшқыш қыз түрлі құтқару операцияларына қатысып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ҚазАвиаҚұтқару» мекемесінде қызмет ететін жетісулық ұшқыш қыз түрлі құтқару операцияларына қатысып жүр

05.03.2022

Көксеңгір асапанда әуе кемесін бағындырған қаршадай қыз. 25 жастағы Перизат Серік «ҚазАвиаҚұтқару» мекемесінің тікұшақ эскадрильясында қызмет етіп, Алматы облысында түрлі құтқару операцияларына қатысып жүр. Құс болып қалықтап, биікті бағындырған ұшқыш - арумен әріптесім Қуаныш Қанатұлы тілдесіп қайтты.

Перизат Серік Еврокоптер тікұшағының екінші ұшқышы. Ұшар алдында әуе кемесін тексеріп, дайындығын пысықтау Перизаттың тікелей міндеті.
Перизат Серік, тікұшақ эскадрилиясының ұшқышы:
Ең алғаш ұшқан кезде бұл мамандық менікі екенін түсіндім. Өйткені әуеге көтерілген кезде еркіндікті сезесіз. Құс сияқты қалықтайсыз. Ұшпаған кездері сол сезімді сағынасыз.
Ал әуеге көтерілгенде Перизат тікұшақтың бағыт бағдарын сызып, жердегі диспетчерлермен байланыста отырады. Ауа райы күрт бұзылса жаңа ұшу жолдарын таңдап шұғыл шешім қабылдайды. Әріптестері оның ер азаматқа бергісіз қызметін ерекше құрметтейді.
Еркін Жұмағалиев, эскадрилия командирі:
Бізбен бірге қызмет етіп жатқан уақытта Перизат өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Өте қарапайым, нәзік. Бірақ көздеген мақсатына жетпей қоймайды.
Перизат былтыр Шарын шатқалындағы сел салдарынан жоғалған қызды іздеу және құтқару жұмыстарына қатысқан. Мұнан бөлек санитарлық авиацияға да қызмет көрсетеді. Әуедегі жалпы ұшу уақыты 300 сағатқа жуық.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
«ҚазАвиаҚұтқарудың» тікұшақ эскадрильясы әдетте төтенше жағдайларда, жоғалған адамдарды іздеуде, сондай-ақ науқастарды діттеген жеріне уақытында жеткізуде үлкен маңызды операцияларды атқарады. Ал бүгін біз Перизатпен тек оқу-жаттығу ұшуына қатысып қайттық.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу