SWIFT деген не дегенге тоқталуды жөн көрдік. Бұл – әлемнің банк секілді бүкіл қаржы ұйымдары құжат алмасатын әмбебап желі. Осы жүйе арқылы бір жылда 5 млрд хат өтеді. Кейбір елдер өз банктері арасындағы байланыс үшін жеке жүйе жасап алған. Бірақ шет ел валютасындағы келісімшарттарды жіберу үшін бәрібір SWIFT жүйесін пайдаланады. SWIFT – тәуелсіз компания. Ол ешқандай елдің үкіметіне бағынбайды және оны санкция құралына айналдыруға қарсы. Әйтсе де компания Еуроодаққа мүше – Бельгия мемлекетінде тіркеліп, сонда орналасқандықтан Еуроодақ шығарған ортақ шешімге бағынуға, яғни санкцияға ұшыраған елдің банктерін жүйеден аластатуға мәжбүр. Біріншіден, банктердегі қызмет көрсету саласына қиын болады. Жаңа айтқан әңгімені жалғастырсақ, Ресейдің бір банкі екінші банкке төлем жасалғаны туралы құжатты жіберуі керек дейік. Бұрын мұны SWIFT арқылы тез жөнелте салуға болатын. Енді басқа желілер іздеуге тура келеді. Демек қаржы қозғалысы баяулайды әрі қымбаттайды. Бұған дейін тек Иран мен Солтүстік Кореяның банктері SWIFT желісінен ажыратылған еді.
Ал Ресей банктеріне салынған осы санкция Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сұраққа экономист Қасымхан Қаппаров өзінің телеграм-арнасында былай деген: «Қазақстанда ресейлік Сбербанк, ВТБ және Альфабанктің еншілес банктері жұмыс істейді. Сондықтан оларға кері әсері болуы ықтимал. Сондай-ақ, Ресей компаниялары Қазақстанға ақша аудара алмай қалады. Демек екеуара сауда-саттық қатынастары кідіріп қалуы мүмкін. Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр сауда айналымы 20 млрд доллардан асқан. Біз олардан көбіне азық-түлік пен өңдеу өнеркәсібіне қажет тауарларды импорттап аламыз. Өзіміз мұнай мен металл сатамыз. Айтпақшы, бұл санкция теңге бағамына да әсер етуі мүмкін».
Ал теңге соғыс басталған 24 ақпаннан рубльмен бірге құнсызданғанын білеміз. Демалыс күндері айырбастау пункттерінде бір доллар 467,5- теңгеден сатылды.