Елордада жаңа мектептерге қатынау қиын
Елордада мыңдаған бала күнделікті өмірін қатерге тігеді. Өйткені жаңа мектептердің маңындағы жол мәселесі шешілмеген. Мұғалімдер де жұмыс орнына жету үшін автобустан автобуска секіріп, қалған жолды жаяулап-жалпылап жүр. Баласын мектепке жеке көлікпен әкелетіндер бір-бірімен соғылып қалмас үшін күніне екі рет мектеп алдында кезекші болуға да мәжбүр.
Таяуда ғана ашылған мектеп алды таңсәріден ығы-жығы. Тар жолда жүздеген көлік кептіліп тұр. Автотұрақ алаңы алақандай ғана жер. Баласын көлікпен әкелгендердің бір-біріне соғылып қалуы екі күннің бірінде болатын жағдай.
Зәуре Аринова, қала тұрғыны:
Бұрылыстан бастап көлік кептеліп тұрады. Біз ана жаққа өтіп кетеміз, сосын жаяу келеміз. Жаяу жүру пайдалы ғой, бірақ ешқандай жағдай жасалмаған.
Мектепке жаяу келетіндердің жайы да мәз емес. Мыңдаған адам тайғанақ әрі тар жолмен бір мезетте жүруге мәжбүр. Асыққандар машиналардың арасымен де өте береді. Баланың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар құзырлы органдарға талай хат жазыпты. Бірнеше рет полицияны да шақырған.
Зиуар Жұманова, қала тұрғыны:
3 баланы және қағып кетті, сүйкеп өтті. Машина қарамайды ғой, кете береді, өз баласын тастайды да. Ал жаяу жүретіндерге қиын. Сондықтан, полиция қақпаны жапты, бірінші кезекте.
Бұл мектепте 3,5 мыңға жуық бала оқиды. Оның 500-і қоғамдық көлікпен келеді. 60-қа жуық мұғалім де алыстан автобуспен қатынайды. Аялдама мен мектеп арасы алыс болғандықтан олар бірнеше автобустың бағытын өзгертуді өтінген.
Берік Көшербай, тілші:
Ата-аналардың сұрауы бойынша өткен сенбіден бастап осы мектепке №28 бағыттағы автобус жақынырақ келетін болды. Әзірге бұл бағанаға автобус тоқтайды деген белгі ғана ілінді. Ал енді жолаушылардың түсетін жері шамалап осы тұс деп айтуға болады. Аялдаманың өзі жоқ, оның орнында құрылыс контейнерлері ғана тұр.
Бұл қиындықтар мектеп басшылығын да әбден қажытқан. Баланың оқу мен тәрбиесіне жауаптылар енді жол мәселесін де шешуі тиіс.
Әлия Мақышева, мектеп-лицей директоры:
Біздің көліктің соғылғанына сіздер кінәлісіздер деп жатты. Біздің дене шынықтыру пәні мұғалімдері сол жерде кезекші болып, соғылмасын деп көлік қозғалысын реттеп тұрмыз.
Автобустың аздығы, аялдаманың жоқтығы, жолдың тарлығы көп мектепке тән проблема. Ата-аналар мен мұғалімдер қоғамдық көлік санын көбейтуді сұрайды. Бірақ, көліктік компания мамандарының айтуынша, бұл проблема ақылдаспай атқарылған шаруаның салдары.
Науат Азанбаева, көліктік компанияның Қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі:
Кез келген нысанды салып жатқан кезде көлік мамандарын шақыру керек. Осы жерде құрылыс болса, адамдар қалай келеді, қанша адам келеді, соның бәрін жоспарлау керек. Көлік мамандарынсыз осындай мектепті салуға болмайды.
Елорда көшелеріне күнделікті 869 автобус шығады. Жолаушылар тасымалында кідіріс болмас үшін тағы 400-і керек. Жаңа мектептерге қатынау мәселесі көктем мен күзде тіпті қиындай түседі. Себебі, асфальт төселмеген кей жолдар ми батбақ болып кетеді.
Берік Көшербай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы