Атырауда мал жүнін өңдейтін жалғыз кәсіпорын қиын жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда мал жүнін өңдейтін жалғыз кәсіпорын қиын жағдайда тұр

21.02.2022

Атыраулық шаруалар мал жүнін өткізе алмай жүр. Қазір қожалық иелері сұраныс болмағасын, табиғи өнімді қоқысқа тастауға не өртеп жіберуге мәжбүр. Ал, елдегі жалғыз жүн өңдейтін кәсіпорынның жұмысы тұралап тұр.

4 мыңдай асыл тұқымды қаракөл қойын өсіріп отырған Жасқайрат қожалығы, жылдап жиналған жүнді қайда жіберерін білмей дал. Тонналаған өнімді өртеуге обалсынады. Амалдың жоқтығынан сыз тартқан ескі сарайда сақтауға мәжбүр.

Жандос Темірғали, тілші:

Қазір мұнда 10 тоннаға жуық қой жүні бар. Шикізаттың қоймада кәдеге аспай, керексіз болып жатқанына 6-7 жылға жуықтады. Тіпті кейбірі шіріп бастап жатыр.

Шаруа өнімді бірнеше рет кәсіпкерлерге ұсынып көрген. Бірақ, сатып алушылар жоқ.

Дәурен Қамиев, «Жасқайрат» қожалығы басшысының уақытша міндетін атқарушысы:

Бұрын Орал жақтан тұтынушылар келіп алып кетіп жүрді. Қазір енді сұраныс жоқ. Тұрып-тұрып сапасын жоғалтып жатыр.

2 мыңға жуық қойы бар «Құрман» қожалығында да осы мәселе. Шаруашылық иесі қой жүнін өткізуден бұрын, оны қырқудың өзі қыруар шығын екенін айтады. Өнімді саудалап келгендер болмағасын, өртеп жатыр.

Құрманбек Жаңабаев, «Құрман» шаруа қожалығының төрағасы:

Өткізуінен қырқуының шығыны көп. Әр малға 500 теңгеден ақшасын бересің. Екі қырқады ғой малды. Қазір бір қырқады көбі. Біздер қазір малдың жүнін далаға төгіп жатырмыз. Қоқысқа апарамыз, өртейміз сол жерден.

Ал, осыдан 5 жыл бұрын 2 млрд 400 млнға салынған жүн өңдейтін жалғыз кәсіпорын шаруалардың игілігне жарамады. Қазір шығынға белшесінен батқан. Көгілдір отынның өзіне 1 млнның үстінде берешек. 70 қызметкерден жетеуі ғана қалған. Жұмыстың тоқтағанына екі жылға жуықтады. Мұнда да жүн тапшылығы - басты проблема. Шикізаттың аздығы мен тапсырыстың жоқтығы, кәсіпорынның жұмысын әбден тұралатқан. Жылына 500 тонна шикізат өңдеуі тиіс фабрика жоспардың жартысын да орындай алмады. Себебі, мұндағы құрылғылармен еділбай қойының жүнін өңдеу мүмкін емес.

Нұрлыбек Заитов, жүн өңдейтін кәсіпорын басшысының орынбасары:

Атыраудағы қойлардың көбі Еділбайский деп айтылады. Оның қылшығы көп. Біздің станоктарға ол өте тиімсіз. Екіншіден , станоктарда уақ-уақ тістері бар ғой. Соны сындырып, үзіп тастай береді. Одан шыққан жіптен, жамылғы емес, киіз сияқты шығады, қап қатты болып. Сол үшін Еділбайды алмаймыз.

Шаруалар шарасыз. Жерглікті атқамінерлер де қауқарсыз. Құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған фабриканы қазір жалғыз құрылтайшы зорға ұстап отыр. Бар үміт инвесторларда.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу