Түркияда Абайға арналған тағы бір ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда Абайға арналған тағы бір ескерткіш ашылды

21.02.2022

Түркияның солтүстігіндегі Трабзон қаласында Абайдың мүсіні орнатылды. Қара теңіз жағалауында орналасқан портты қаладағы ақын ескерткіші Абай жылы аясында Анадолыда ашылған осымен алтыншы монумент.


Түркияда ашылған кезекті Абай мүсінінің Трабзондағы Қаратеңіз университеті әдебиет факультетінің аумағына орнатылуы тегін емес. Осында оқитын шәкірттерге ақын мұрасын кеңірек таныту және алдағы уақытта білім ордасының қабырғасында Абай кештерін өткізу жоспарда бар. Өңір басшысы ұлы ақынның шығармалары түрік жастарына да жол көрсететініне сенімді.

 Исмаил Ұстаоғлы, Трабзон губернаторы:
Абай Құнанбайұлы сияқты тарихи тұлғалар қоғамның жақсы жаққа өзгеруіне үлкен ықпал етеді. Осы университетте тек Түркия емес әлемнің бірнеше елінен келген студенттер оқиды. Абай ескерткішінің ашылуы сол жастардың ақын шығармаларына қызығушылығын арттырып, екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін.

Ескерткіш авторы - бұған дейін де бірнеше туындысы Түркияның түрлі қалаларында қойылған мүсінші Мұрат Мансұров. Қоладан құйылған ақын ескерткішінің Қара теңіз жағалауында орналасуы қазақ түрік бауырластығының бір көрінісі іспетті дейді шараға жиналғандар.

Бахар Айвазоғлу, Түркия парламентінің депутаты:
Бір ақынның еңбектері тек өз елінде емес, күллі әлемге таралуы оның шығармаларының қаншалықты құнды екендігін білдірсе керек. Абай сондай ерекше тұлғалардың бірі. Осы мүсін жастарға сөздің қасиетін білуге, сөздің киесін ұғынуға себеп болса, біздің мақсатымыздың орындалғаны.
Ескерткіш ашылуынан кейін студенттер шағын концерт қойып, қала тұрғындары Абай мүсіні жанына естелік суретке түсті. Сондай-ақ, қазақ делегациясын облыс пен қала әкімдері қабылдап алда атқарылар бірлескен жобаларды талқылады.

Айдос Әшімұлы ҚҰА Түркия

Хабарламаларға жазылу